Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иран президенті Масуд Пезешкиан Астанада өткен ресми шара барысында Иран архивінен табылған қазақ тарихына қатысты құнды қолжазбалардың көрмесін көрді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Көрмеде Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мұрағатында сақталған 27 тарихи құжаттың көшірмесі алғаш рет көпшілік назарына ұсынылды
Бұл жәдігерлер XVIII–XIX ғасырлардағы қазақ даласында орын алған қоғамдық-саяси оқиғалар туралы маңызды мәліметтерді қамтиды.
Мамандардың айтуынша, қолжазбалар екі ел арасындағы терең тарихи және мәдени байланыстарды айғақтайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тарихына қатысты бұрын беймәлім болып келген құнды деректерді ұсынғаны үшін ирандық тарапқа алғыс білдірді.
"Бұл – өте құнды сыйлық. Біз бұл көрмені міндетті түрде халыққа таныстырып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен насихаттаймыз. Қазақ тарихына қатысты бұрын белгісіз болған деректер бар екен. Бұл материалдар халқымыз үшін аса пайдалы болады деп ойлаймын", – деді Мемлекет басшысы.
Көрме екі елдің ғылыми-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған бірлескен бастамалардың бірі саналады.