Алжирдің Адрар қаласында өткен Шөл даладағы халықаралық мәдени театр фестиваліне Шымкент жастар театры алғашқы рет қатысып, Гран-приді жеңіп алды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Халықаралық фестивалі Алжирдің Мәдениет және өнер министрлігі мен Африка Сахара шөлінің қақ ортасында орналасқан Адрар аймағы әкімшілігінің қолдауымен өтті.
30 елден келген театр коллективтер өз туындыларын көрермендерге ұсынып, беделді халықаралық жюридің бағалауына ие болды.
Қазақ театр труппасы Сахара түнгі аспаны астында, IV ғасырдағы Тамасахттың ежелгі бербер цитаделі туындыларына жататын классикалық "Антигона" трагедиясының заманауи түпнұсқа қойылымын көрсетті.
Жергілікті және шетелдік көрермендер біздің жас актёрларымыздың талантты қойылымдары мен жігеріне, шеберлігі мен жарқын шығармашылығына тәнті болды.
Фестиваль комиссары Шейх Окбауи қазақстандық театр ұжымына қойылымдары үшін алғыс айтып, мәдени саладағы ынтымақтастық пен жаңа жобалар мен бағдарламаларды ілгерілетуге ниетін білдірді.
Салтанатты рәсімде фестивальдің бас жүлдесін "Гран-при" Шымкент жастар театрына Алжирдің Мәдениет және өнер министрі Малика Мендоуда ханым табыс етті. Ол театр жұмысына жоғары баға беріп, елімізбен ынтымақтастықты дамытуға мүдделілік танытты. Ол қазақстандық актёрлардың жоғары деңгейде театрлық шеберлік танытып, бірегей халықаралық сахнада Қазақстанды тамаша танытқанын атап өтті.
Театр делегациясы бұл халықаралық шараға Шымкент қаласы әкімдігінің, Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының қолдауымен және ҚР Алжирдегі Елшілігінің көмегі мен қолдауымен қатысуға мүмкіндік алды.
Жалпы, Қазақстанның мәдени дипломатиясы еліміздің имиджін нығайтаып, Алжир мен оның аймақтарында жемісті байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік бермек, сондай-ақ әртүрлі салаларда бірлескен жобаларға мұрындық болып, екі ел халықтарының өзара гуманитарлық алмасуларын байыта түспек.