Жамбыл ауданында полиция қызметкерлері "Борышкер" жедел іс-шарасы барысында жалпы сомасы 1 млн теңгеге жуық айыппұлы бар Mercedes-Benz көлігінің жүргізушісін анықтады.
Рейд кезінде ол жол ережесін өрескел бұзып, қауіпті маневр жасағаны үшін тоқтатылған.
Тексеру барысында жүргізушінің бұған дейін 43 әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны анықталды: бірнеше рет жылдамдықты шектен тыс асырған, бағдаршамның тыйым салу сигналын елемеген, жаяу жүргіншілерге жол бермеген және техникалық құжат талаптарын орындамаған.
Уақытында төленбеген айыппұлдар нәтижесінде қомақты қарыз жиналған. Өрескел құқық бұзушының көлігі бірден айып тұраққа қойылды.
Жалпы "Борышкер – 2025" іс-шарасының бірінші күнінде облыс аумағында 174 автокөлік айып тұраққа орналастырылды.
Полиция борышкерлерді анықтау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілетінін еске салып, жүргізушілерді жол ережелерін қатаң сақтауға және айыппұлдарды уақытылы төлеуге шақырады.