Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева еліміздегі медиа кеңістікте орын алған бірнеше сот процестеріне, оның ішінде Orda.kz пен ҚазТАГ-қа қатысты істерге ерекше назар аударылып отырғанын жеткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бүгінде Қазақстанның медиа кеңістігінде бірнеше сот процесі өтуіне байланысты талқы жүріп жатыр. Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл процестерді, соның ішінде Orda.kz пен ҚазТАГ-қа қатысты істерді ерекше назарда ұстап отыр. Біз үшін елімізде сөз бостандығының сақталуы мен барлық ақпарат таратып отырғандардың заң аясында жұмыс істеуі аса маңызды. Кәсіби журналистика адалдыққа, объективтілікке және тексерілген ақпараттың нақтылығына негізделуі керек», деді Аида Балаева.
Министрдің сөзінше, медиа қауымдастық кәсіби журналистердің құқықтық алаңда қорғалатынын түсінуі тиіс.
«Себебі бұл сөз бостандығы мен заңды журналистік қызмет секілді аса маңызды мәселелерге тікелей қатысты. Кәсіби бұқаралық ақпарат құралдары заңды бұзбай жұмыс істеген жағдайда ғана мемлекет олардың құқығын тиімді қорғай алатынын түсінуі тиіс. Ал егер тараптар арасындағы қатынастар құқықтық алаңға ауысса, мемлекеттік органның араласуы сотқа қысым ретінде қабылдануы мүмкін. Қалай болғанда да, біз кәсіби журналистерге қатысты әкімшілік немесе қылмыстық істердің барынша ашық әрі объективті қаралуы қажет екенін әрдайым талап етіп келеміз. Журналистерімізге қатысты істерді тиісті органдар заң талаптарын сақтай отырып, жан-жақты әрі әділ қарайтынына сенімдімін», деп атап өтті министр.
Сонымен қатар Аида Балаева министрлік өз құзыреті шегінде журналистердің құқықтарын қорғауға және сот істерінің әділ қаралуын қамтамасыз ету үшін қажетті барлық шараларды қабылдауға дайын екенін айтты.