Синоптиктер болжамынша, желтоқсанда алматылықтардың тынысы ашыла түспек. Қыстың алғашқы күндері қоюланып, қаланы басып қалған көк тұман сейіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жаңбырлы күндері мегаполисті жайлаған көк түтінді тамшылар тазартып, табиғи сүзгіге айналады. Ауадағы көрінбейтін шаң-тозаң мен ұсақ зиянды бөлшектерді жаңбыр жерге қарай түсіріп, көкжиекті ашады.

Экологтардың айтуынша, қуатты жаңбырдан кейін небәрі бірнеше сағаттың ішінде ауаның ластану көрсеткіші 80 пайыз төмендейді. Әсіресе PM2.5 сияқты қауіпті бөлшектер айтарлықтай азаяды. Бұл – қала тынысын кеңейтетін негізгі фактор.

"Ауадағы ластаушы заттардың таралуына, сейілуіне метеожағдайдың әсері көп. Биыл жауын-шашын өте аз болды. Соның кесірінен өзендердің де, атмосфераның да ластануы күшейді. Жауын жаумағандықтан, зиянды ауа қалдықтары тұрып қалады. Биыл жел де сирек, ал желдің болмауы экологиялық жағдайды қиындатып, ауаның сапасын едәуір нашарлатты. Қазір метеожағдай өзгеріп жатыр", – деді Қазақстан экологиялық аудиторлар палатасы оқу орталығының директоры Райдин Қасымов.

Алматыда алдағы күндері ауа райы құбылмалы болады. Жаңбыр аралас қар жауып, температура түнде минусқа түсіп, күндіз қайта жылынып отырады. Қазір өңірді кесіп өтетін циклондар мен желдің күшеюі атмосферадағы лас бөлшектердің тез жойылуына ықпал еуде. Мәселен, бүгін 9 желтоқсанда жаңбыр жауып, күндіз ауа +14 градусқа дейін көтеріледі.

Ал 10 желтоқсанда солтүстік-батыстан соғатын дауылды жел мен сулы қар қаланы тағы бір мәрте тазартып өтеді.

"Жауын мөлшері орташа деңгейде 3-4 мм болған жағдайда, ауаны тазартады. Жаңбыр ауадағы тұманды сейілтеді. Суық антициклон жылжиды. Осыған байланысты жауын-шашын тоқтап, температура күрт төмендеуі мүмкін", – деді ""Қазгидромет" РМК баспасөз хатшысы Аружан Мұратова.

Мамандарының айтуынша, жауынды-желді күндері қала атмосферасы бірнеше есе тазарып, ең қолайлы кезеңге айналуына ықпал етпек. Жауын-шашын шаң мен түтінді басып, жел қалдықтарды ыдыратып жібереді. Қыс бойы аймақта циклондар мен тұрақты жауын-шашын шаһар ауасына жаңа дем беріп, едәуір тазартып тұрмақ.

Авторлар: Әйкерім Пернебек, Мейрам Исабеков

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз