УЕФА Чемпиондар лигасы аясында алматылық "Қайратқа" қарсы ойнайтын Грекияның "Олимпиакос" футбол клубының ойыншылары Астанаға ұшып келді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Грекиялық клубтың баспасөз қызметі Instagram желісіндегі сторис бөлімінде "Олимпиакос" ұшағының Астана әуежайына қонған сәтінен кадрлар жариялады. Гректер бірден желідегі оқырманын Қазақстан астанасындағы ауа райы туралы хабардар етті.
"-4 градус", — делінген қысқа бейнежазбаның сипаттамасында.
Бұған дейін қазақстандық "Қайрат" УЕФА Чемпиондар лигасы аясында өз алаңындағы соңғы матчтарын Астанада өткізетінін хабарлағанбыз. Команданың өз алаңында өтетін екі ойыны қалды. Грекиялық "Олимпиакос" (Пирей) командасымен матч 9 желтоқсанда, ал Бельгияның "Брюгге" командасымен 20 қаңтарда өтеді деп жоспарланған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз