2025 жылғы 29 мамырда Astana International Forum аясында өткен баспасөз жиынында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек келесі жылы елде диплом жұмыстарын антиплагиат бойынша тексеру күшейтілетінін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Журналистер қазіргі таңда әлеуметтік желілерде диплом жұмысын жазу қызметтерінің ашық жарнамаланып жатқанын айтып, бұл мәселеге қатысты министрліктің қандай шаралар қабылдайтынын сұрады.

Министрдің айтуынша, өткен және алдыңғы жылы ІІМ-мен бірлесіп жалған дипломдарды сату фактілері анықталған, бұл мәселе мұқият зерттелген.

"Қазір әр диплом – цифрлық құжат, ол бірыңғай дерекқорда тіркеледі. 1991 жылдан бері берілген барлық дипломдар цифрландырылды – енді олар бірыңғай базада сақталады. Ал дипломдық жұмыстарға келсек, биыл антиплагиат бағытындағы жұмысты едәуір күшейттік, – деді Саясат Нұрбек.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы барлық ғылыми-техникалық ақпаратты жинақтаумен айналысуда.

"Ғылыми-техникалық ақпарат орталығы құрылуда. Біз диплом жұмыстарының қалай жазылатынын жақсы білеміз – бұл нағыз конвейерге айналған, дайын база қолданылады да, тез арада компиляция жасалады. Бұған адамдар ақша төлейді. Енді плагиатқа деген көзқарас күшейтіледі. Қазірдің өзінде докторлық және магистрлік диссертациялар бойынша көптеген шағымдар түсіп жатыр. Қайтарылып жатқан жұмыстар бар... Бұл – өзіңізге артық бас ауруын әкелеіп беретін мәселе", – деді министр.

Сондай-ақ, министрлік диплом жұмысын нақты студенттің өзі жазғанын немесе басқа біреу жазғанын тексеретінін айтты. Егер жұмыс мінсіз жазылған күннің өзінде оны студенттің өзі жазбаса, бұл оның ар-ұятына байланысты мәселе болмақ.

Журналистер диплом жұмыстарының плагиатқа қалай тексерілетінін нақтылағанда, министр студенттер жиі түрлі айла-тәсілдерді қолданатынын айтты – мысалы, мәтіннің бірегейлігін жасанды түрде арттыру үшін кириллицадағы әріптерді латын әліпбиіндегі ұқсас таңбалармен алмастырады.

"Жасанды интеллект мұндай сәйкессіздіктерді, тіпті ұқсас немесе қайта өңделген мәтіндерді де жақсы анықтай алады. Бұл оның үлкен артықшылығы. Біз плагиатты, дұрыс дәйексөзді және басқа да бұзушылықтарды анықтау үшін AI алгоритмдерін қолданамыз. Біздің мақсат – барлық ғылыми жұмыстың бірыңғай дерекқорын жинақтау. Оның ішінде "Болашақ" түлектерінің диссертациялары да осы базаға енгізіліп, тексеріледі", – деді Саясат Нұрбек.

Өткен жылдардағы диплом жұмыстары плагиатқа тексеріле ме деген сұраққа министр, заңның кері күші жоқ болғандықтан, ондай тексеріс жоспарланбайтынын айтты. Алайда барлық жұмыс бірыңғай базаға енгізіледі.

Жергілікті антиплагиат жүйесін енгізу келесі жылға жоспарланған.