Шымкентте жантүршігерлік адам өліміне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Адам өлтіру, өлген адамның мәйітін қорлау, ұрлық баптары бойынша айып тағылған жаcөспірімге қатысты қылмыстық іс жабық сот отырысында қаралды.

Іс материалдары бойынша, кәмелет жасқа толмаған А. 2025 жылы 21 шілдеде Telegram желісінде үй тазалап беретін қыз-келіншектер қажет екені туралы жарнама жариялаған. Жәбірленуші осы жарнама бойынша хабарласып, сол күні үйді тазалап, келіскен еңбекақысын сұраған.

"Алайда А. ақша төлемеу мақсатында жәбірленушіні өлтіріп, оның ұялы телефонын ұрлаған. Кәмелетке толмаған сотталушының кінәсі өзінің, жәбірленушілердің, куәлердің жауаптарымен, сараптама тұжырымдарымен, заттай дәлелдермен дәлелденді", — деп жазылған сот хабарламасында.

Сот жасөспірімді Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі, 188-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп тауып, оған қылмыстардың жиынтығы бойынша 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз