Билік "шетелдіктер үшін АҚШ-та жұмыс істеу артықшылық екенін ескеруі керек" деп есептейді.
Осылайша, Дональд Трамптың әкімшілігі елге сырттан келгендерге жұмыс істеуге рұқсат беру ережелерін қатаңдатуды бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Report агенттігі құжаттардың жарамдылық мерзімі бұрынғыдай 5 жыл емес, 18 ай болатынын еске салды.
АҚШ Азаматтық және иммиграциялық қызметінің (USCIS) комиссары Джозеф Эдлоу бұл шешім өтініш берушілерге бақылауды күшейтетінін жеткізіп отыр.
Эдлоу мұндай қадамға 26 қарашадағы Вашингтонда болған оқиға себеп болғанын жасырмады. Онда Ауғанстан тумасы Рахманулла Лаканвал Ақ үй маңында Ұлттық гвардия әскерилеріне оқ атқан еді. Атыстан 2 адам жарақаттанса, кейіннен біреуі жан тапсырды. Қазіргі уақытта екіншісінің де жағдайы мәз емес.
Еске салайық, АҚШ президенті Далластағы кісі өлтіруден кейін иммиграциялық саясатты күшейтетіні туралы ашық айтты.