Еуропада жер асты су қоры азайып, ұзаққа созылған құрғақшылық су қоймаларын құрғатып жатыр.
Жағдайды реттеу үшін Еуропалық комиссия 2030 жылға дейін су тұтынуды кемінде 10%-ға азайтуды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Financial Times басылымына сілтеме жасап.
Бұл бастама ЕО-дағы су ресурстарын тиімді пайдалану бойынша алғашқы ресми мақсат болып отыр және жер асты суының азаюына алаңдаушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.
ЕО-ның қоршаған орта жөніндегі комиссары Джессика Росваллдың айтуынша, суды үнемдеу үшін ең алдымен күнделікті тұрмыста суды жаппай ұқыпты пайдалану керек.
Оңтүстік Еуропада жазғы су тұтыну шектеулері, соның ішінде бассейндерді толтыруға тыйым салу, қалыпты жағдайға айналды.
Грекиядағы ең ірі су компаниясының басшысы егер шұғыл шаралар қабылданбаса, Афины екі жыл ішінде сусыз қалуы мүмкін деп ескертті.
Швецияда кейбір аймақтарда бақшаны суаруға шектеу қойылса, Франция мен Испанияда фермерлер мен экологтар су құқығы мен бөгеттер құрылысына байланысты қақтығыстарға тап болып жатыр.
Еуропалық комиссияның бағалауынша, су инфрақұрылымын қаржыландыру үшін жыл сайын 23 млрд еуро қажет. Сонымен қатар, Еуропалық инвестициялық банк 2025-2027 жылдар аралығында су инфрақұрылымын дамытуға 15 млрд еуро көлемінде несие мен кепілдік бағдарламасын әзірлеуге кірісті.