Астанада қыстың алғашқы айы келіп жетсе де, қалың қар жаумады, әлі жылы күн райы сақталып тұр. Әдетте дәл осы кезеңде аяз күшейіп, суық болатын. Мұның себебін "Қазгидромет" мамандары түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform.

Мамандардың айтуынша, қазір тек Шығыс Қазақстан мен солтүстік-шығыс өңірлерде ғана қар түскен. Алайда сол аймақтардағы қар бұлттары Астанаға жете алмай тұр. Бұған себеп — өңір үстіндегі антициклон.

"Антициклон әсерінен қар жаумай тұр. Дегенмен алдағы күндері фронттардың жылжуына байланысты жаңбыр аралас қар жауады. Алайда бұл тез еріп кететін қар.

Ал жерге жабысып қалатын тұрақты қар желтоқсанның бірінші онкүндігінің соңында, яғни 8-9 желтоқсанда түсуі ықтимал.

Қазір байқалып тұрған жылы күн райы қысқа мерзімді құбылыс", — деп түсіндірді Қазгидромет өкілдері.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз