Алматы облысында минивэн жүк көлігінің тіркемесімен соқтығысып, салдарынан жеті адам қаза тапты, деп хабарлайды өңірлік полиция департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, жол апаты Алматы-Бішкек тасжолының 129-шақырымында болған. Полицейлер бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғаған.
"Алдын ала мәлімет бойынша, Honda Odissei автокөлігінің жүргізушісі алда келе жатқан HOWO жүк көлігінің тіркемесімен соқтығысқан.
Салдарынан жеңіл көлікте болған жеті адам алған жарақаттарынан көз жұмды. Оның ішінде жүргізуші де бар", — деп хабарлады Алматы облысының полиция департаментінен.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, 24 қарашада Алматы-Бішкек тасжолында болған жол апатынан алты адам қаза тауып, бесеуі жарақат алған еді.
Ал қыркүйекте Алматы-Бішкек тасжолының 107-ші шақырымында болған жол апатынан сегіз адам қаза тапқан болатын.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз