29 мамыр – Халықаралық Бітімгершілер күні. Бұл күн БҰҰ туы астында бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жолында қызмет ететін жауынгерлердің ерен ерлігін құрметтеуге арналған. Осыған орай, шетелдік миссияларда болған, ҚР Қарулы Күштерінің абыройын асқақтатқан бітімгерлермен сұхбат құрдық.
Алғашқылардың бірі болып, Таяу Шығыста қызмет еткен Рустам Мұхтарұлымен тілдестік. Аға сержант бүгінде Аягөз гарнизонындағы 10810 әскери бөлімі 3 танк бригадасы 9 танк ротасының взвод сержанты болып қызмет етеді.
"Біз 2024 жылғы 15 наурыздан бастап 2025 жылғы 11 сәуірге дейін Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссиясы аясында Таяу Шығыс өңірінде, нақты айтқанда Голан биіктігінде қызмет атқардық. Бұл аумақ Сирия мен Израиль мемлекеттерінің арасындағы стратегиялық маңызды белдеу саналады",- деді Казми Рустам Мұхтарұлы.
Оның бітімгершілік миссиядағы атқарған міндеті — транспорттық бөлімшенің командирі қызметі. Бұл – жүктелген жүктердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету, бақылау пункттері арасындағы логистиканы ұйымдастыру және бөлімшенің жауынгерлік әзірлігін сақтау сынды аса жауапты қызмет.
"Жалпы миссия уақыты шамамен 1 жыл 1 айға созылды. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе мектебі және ел намысын шет жерде қорғаудың мәртебесі болды",- деп еске алады жауынгер.
Бұл ретте, Рустам Мұхтарұлының қол астында қызмет еткен батырлардың бірі – сержант Шыныбеков Айдын Әміртайұлы. Ол, Аягөз гарнизонындағы 10181 әскери бөлімінің механик-жүргізушісі. Сарбаз шетелдегі миссиясын 2024 жылғы қыркүйек айынан бастап 2025 жылғы 11 сәуірге дейін атқарған.
"Менің бітімгершілік миссиядағы атқарған міндетім — "Арлан" атты жол талғамайтын ұрыс көлігінің механик-жүргізушісі. Бұл – негізінен жеке құрамды межелі бағыттарға қауіпсіз жеткізу, техниканың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, сондай-ақ оқыс жағдайларда жылдам әрекет етуге дайын болу сынды аса жауапты және техникалық жағынан күрделі қызмет. Ұрыс жағдайына жақын аумақтарда қозғалыс кезінде жоғары зейінділік пен кәсіби машық қажет етіледі. Әрбір сапар – қауіппен қатар үлкен сенімнің көрінісі болатын. Яғни, осындай жарты жылдық қызметте болсамда өз міндетімді аброймен орындап шықтым деген сенімдемін",- деді ол.
Батырлар елге оралған сәтте бір жағынан туған елдің топырағына табан тірегеніне қуанғанын, екінші жағынан – артта қалған жауапты қызмет пен сол елдегі халықтың тағдыры ойландырғанын айтты.
"Шетелде соғыс зардабын тікелей көріп, бейбіт күннің қадірін түсіндік. Көпұлтты контингентпен жұмыс істеу – кең көзқарас пен мәдениетті қарым-қатынасты қалыптастырады",- дейді кейіпкерлеріміз.
Олардың айтуынша, бітімгерлер – тәртіп пен патриотизмнің үлгісі. Олар жастарға Отанға адал қызмет ету, халықаралық аренада елдің атын шығару, сабыр мен дипломатиялық шешім қабылдаудың қаншалық маңызды екенін көрсетуі тиіс. Ел ішінде бітімгерлер бейбітшіліктің елшілері болуы керек.
Өз кезегінде Рустам Мұхтарұлы елге оралғаннан кейін жаңа міндеттер жүктелгенін де атап өтті.
"Миссиядан кейін командирлік құрам тарапынан сенім артылып, жаңа жауапкершіліктер берілді. Қызмет барысында жас буынды даярлауға қатысу, бөлімнің тәртіптік деңгейін көтеру бағытында жұмыстар атқара бастадым",- деді ол.
Қазақстан армиясының бітімгершілік бағыты:
"Қазақстан бұл бағытта үлкен әлеуетке ие. Жыл сайын тәжірибелі әскери қызметкерлер халықаралық миссияларға қатысып келеді. Бітімгерлік әлеуетті арттыру үшін тілдік дайындық, халықаралық құқық негіздерін оқыту, техникамен жабдықтау жұмыстары жалғасуы керек". Рустам Казми
Айдан Шыныбековтың айтуынша, бітімгершілікте ең бастысы – ниет пен дайындық.
"Ағылшын тілін меңгеру, физикалық және моральдық тұрғыда дайын болу қажет. Бұл – Отан алдындағы зор жауапкершілік. Қай жерде болсаң да, Қазақстанның туы астында екеніңді ұмытпауың керек. Әрбір жас сарбазға осы жолды ұмтылуға кеңес берер едім",- деді ол.
Қорытындылай келе, батырлар бітімгершіліктің үлкен жауапкершілік екенін, оның ер жігітті сабырлыққа, байсалдылыққа, патриотизмге тәрбиелейтінін айтты.