Жоба нәтижесін берсе барлық өңірге қолдану жоспарда бар.
Елімізде жедел жәрдем қызметкерлері де видеожетон тағып жүретін болады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Бұл жаңашылдық медицина мамандарының қауіпсіздігін күшейту мақсатында енгізілмек. Себебі, кейінгі жылдары фельдшерлерге қол көтеріп, қоқан-лоқы көрсететіндер күрт артқан.
Денсаулық сақтау министрлігі әзірге бұл әдіс Астанада пилоттық жоба ретінде енгізілгенін айтады. Жоба нәтижесін берсе барлық өңірге қолдану жоспарда бар. Сонымен қатар болашақта жедел жәрдем көлігінің қозғалысын бақылайтын жүйе сынақтап өтіп жатыр.
Демек, 103-ті шақыртқан тұрғындар көліктің қай жерде және қанша уақытта келетінін телефон қосымшасы арқылы бақылай алады. Жаңа функция такси шақыруға арналған танымал платформаға енгізілмек. Жалпы, жасанды интеллектің мүмкіндігін денсаулық сақтау саласы да кеңінен пайдаланып келеді.
"Жасанды интеллектті медициналық қызметкерлердің көмекшісі ретінде пайдалану жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бірінші қызметкерлердің жұмысын жеңілдетсек, пациенттерге арналған көмекшінің жұмысын қарап жатырмыз", – деді ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов.