Жиззақ облысының тұрғыны күйеуінің туған күнінде екеуара болған жанжалдан кейін оны тұншықтырып өлтірген, деп хабарлайды Zakon.kz.
Жоғарғы соттың Telegram-арнасындағы мәліметке қарағанда, үйге қонақтар жиналғанда ащы суға тойып алған еркек әйеліне жанжал шығара бастаған. Қонақтар кеткен соң, ер адам ұйықтап қалған кезде айыпталушы орамал алып, күйеуін байлап, жастықпен тұншықтырған.
Әйел күйеуінің денесін сыртқа шығарып, Nexia-2 көлігіне отырғызып, көлікті де, оны да өртеп жіберген. Сотта айыпталушы кінәсін мойындап, күйеуінің ұзақ жылдар бойы өзін қорлап келгенін айтты. Отбасында жанжалдар үнемі болып тұратыны анықталды.
"Өзімді ақтағым келмейді, бірақ мұны жайдан-жай жасаған жоқпын. Ол мені ұзақ уақыт бойы қорлады. Өзіме қол салмақ болдым, бірақ балаларымды ойладым. Осы адаммен сегіз жыл өмір сүрдім, бір күнім де бақытты өтпеді. Балаларымды ата-анама тапсыруларыңызды сұраймын. Олар мені тастамайды деп үміттенемін. Барлығынан кешірім сұраймын", – деді айыпталушы.
30 қараша күні сот әйелді кінәлі деп танып, оны жалпы режимдегі колонияда 13 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кескен.
Бұған дейін Шри-Ланкада табиғи апаттан 300-ден астам адам қаза тапқанын жазғанбыз.