Қарағандылық азамат сот арқылы банк алдындағы борышын өтеуде жеңілдік алғысы келді. Алайда, сот бас тартуларға себептер бар екенін анықтап, азаматтың өтінішін негізсіз қалдырды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қарағанды облыстық сотының ақпарына сүйенсек, өтініш беруші азаматтың банктер алдында 7 млн теңгеден астам берешегі бар. Бұл ретте, ол жұмыспен қамтылған, тұрақты жалақы алады және өз меншігінде автокөлігі бар.
"Өтініш беруші төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге және кредиторлар алдындағы міндеттемелерін орындауға мүмкіндігі бар екенін көрсетіп, өтінішін қанағаттандыруды сұраған. Сот өтініш берушінің берешекті реттеуге жеткілікті мүмкіндіктері бар екенін, оның некеде тұрмайтынын және асырауында ешкімнің жоқтығын анықтады. Бұдан бөлек, банк-кредиторлары оның қаржылық жағдайының нашарлағанын растайтын құжаттар ұсынылған жағдайда төлем кестесін өзгерту мәселесін қарастыруға дайын екендерін білдірді, алайда азамат мұндай құжаттарды ұсынбаған және берешекті реттеу бойынша шаралар қабылдамаған",- делінген ақпаратта.
Сот атап өткендей, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" Заңының 6-бабы 1-тармағына сәйкес төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолданудың негіздері – азаматтың мүлкінің құны оның барлық міндеттемелерінің мөлшерінен асуы және (немесе) тұрақты табысының болуы.
Дегенмен, азаматтан ұсынылған мәліметтер тұрақты төлем қабілетсіздіктің бар екенін растамайды.
"Сот өтініш берушінің өз қаржылық жағдайы туралы шынайы деректер ұсынбағанын, бұл оған төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін объективті түрде қолдануға мүмкіндік бермейтінін атап өтті. Азаматтық құқықтарды жүзеге асыру кезінде адал, парасатты және әдiл әрекет ету міндетін қарастыратын АК-нің 8-бабын басшылыққа ала отырып, сот азаматтың әрекеті мүмкіндігі бола тұра міндеттемелерді орындағысы келмейді деп бағалады. Істі қарау нәтижесінде сот өтінішті қанағаттандырудан бас тартты". Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі
Шешіммен келіспеген азамат апелляциялық шағым берген. Сот алқасы материалдарды және тараптардың уәждерін зерттей келе, бірінші сатыдағы соттың шешімі заңды және негізді деп тапты.
Шешім өзгеріссіз қалдырылды.