Ақтөбе облысының әкімі "Ақтөбе" футбол клубына қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды. Асхат Шахаров «Уәде» бағдарламасына берген сұхбатында «Ақтөбе» футбол клубының биылғы маусымдағы ойынына баға берді. «Биыл біз қойған жоспар мен мақсат болды. Сайыс болғаннан кейін әртүрлі пікірлер болады. Екі команда шыққаннан кейін міндетті түрде біреуі жеңеді. Чемпиондық атақты бір команда алады ғой. Нақты баға беретін жанкүйерлер мен арнайы комиссия. Қандай да бір фактілер болатын болса, ел болып сонымен күресу керек. Жеңілісті ауыр қабылдадық. «Чемпион боламыз», «жүлдегер боламыз» деген халықтың үміті ақталмады. Ұйымдастырушы ретінде футбол клубы мен оның басшылығы, қадағалап отырған облыс басшысы ретінде ауыр қабылдадық. Өкінішке қарай, нәтиже өте төмен. Біз кем дегенде үштікте болатын командамыз. Бірақ биыл бесінші орынға түстік. Әрине, кемшіліктерді бірден саралап жатырмыз. Осал жерлерімізбен жұмыс істеп, келер жылға дайын боламыз. Ол үшін біріншіден, тікелей президенттің тапсырмасымен жекешелендіру мәселесі бар. Заң аясында бірнеше үміткерлер болды. Бірақ болашақта нақты бюджеттің қаржысын басқа жерге жұмсау немесе бұқаралық спортты дамытуға бағыттау аясында көп ауыртпашылық инвесторға жүктеледі. Сондай инвестор анықталды. Алдын ала бірнеше келіссөздер, кездесулер болды. «Qazaq Stroy» құрылыс компаниясының басшысының кішкентай кезінен стадионға барып, егер мүмкіндік болса, «Ақтөбе» футбол командасына көмегім тиер деген арманы бар екен. Ол кісі өзі ақтөбелік. Сондықтан қазір бұл арманды іске асыруға мүмкіндік бар. Инвестор ретінде кіріп, клубты толығымен сатып алады. Бұл мәселе кезең кезеңімен жүзеге асады. Бірінші кезең, бюджетке түсетін салмақты азайтуға кірістік. Болашақта клуб жекеменшік болады. Әрине, мемлекет қай кезде де өзі ықпал етіп, жан жақты қолдау көрсете алады», — дейді олар. Сондай-ақ, өңір басшысы журналистің «өзіңіз футбол көруге барасыз ба» деген сұрағына да жауап берді. «Уақыт бар кезде, кешкі уақыттарда стадионға футбол көруге барамын. Біраз матчтарға қатыстым. Жеңілістер де, жеңісті күндер де болды. Ұтсақ та, ұтылсақ та жанкүйердердің реакциясы өте жоғары. Футбол дамыған мемлекеттерді қарасаңыздар, ультрас ретінде неше түрлі жағдайлар болып жатады. Байқасаңыздар, ақтөбелік жанкүйерлер ешқашан да төбелес шығарып, зақым келтіріп, басқа да әрекеттер жасап жатқан жоқ. Бірақ, тәрбие болу керек. Себебі, жас буын, кәмелетке толмаған балалар да отбасымен тамашалайды. Бізде футболға қызығушылық өте жоғары. 12 800 адамға арналған стадионымыз толы болады. Жанкүйерлер белсенді. Жалпы матчтартарға 50-55 мың орынға сұраныс бар. Сондықтан жанкүйерлердің жаңа мәдениетін қалыптастыруға міндеттіміз. Ультрастың өзі талап ету. Олар талап етпесе, клубта босаңсу болады. Жеңіліс болған күндерде ешкім талап қоймаса, сұрау болмаса, алдыңғы матчтарға дайындық жұмыстарына немқұрайлы қарайды. Сол үшін ултрастың болағаны да жақсы. Бірақ, жаңа айтқанымдай мәдениет қалыптастыру керек. Ол қалыптасып та келеді. Бейәдеп сөздерді балаларға тәрбие ретінде көрсете алмаймыз. Сондықтан міндетті түрде олармен жұмыс істейміз», — дейді Асхат Шахаров. Облыс әкімі клубтың алдағы жоспарларымен де бөлісті. «Клубқа қойылып отырған талап жыл сайын өте жоғары. Ең бірінші, үштікке кіру, әрине, жанкүйерлер чемпион болуды армандайды. Жыл сайын осындай талап қойылады, жанкүйерлер үміттенеді, күтеді. Бірақ, орындау барысы өздеріңіз көргендей. Биыл біз бестікке кіргенмен, жанкүйерлер біздің орын ол емес деп есептейді. Жекеменшікке ауысқаннан кейін инвестордан күтетініміз — қосымша қаржы құйылып, жаңа көзқараспен команданы жаңа деңгейге шығару», — дейді ол. Асхат Шахаров қала халқының саны миллионнан асса, екінші клубтың ашылуы мүмкін екенін айтты. «Бір клубты ретке келтіріп, жаңа деңгейге шығарайық. Ең бірінші, бюджеттен қаржы сұрамай, жаңа инвестормен өз-өзін қамту деңгейіне жетсе, әрине, болашақта қала халқының саны миллионнан асса, екінші клубты ашуға болады. Негізі екінші клубтың негізі құрылды. Екінші лигада ойнаймыз деген ойы болды. Бірақ, қаржы мәселесі болып қалды. Қазіргі таңда бюджеттен екінші клубты қаржыландыру мәселесіне тыйым салынды. Болашақта футбол жақсы дамыса, жеке инвесторлар ашса, шектеу жоқ», — деді ол.