Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеушілердің, әсіресе өзіне қолайлы режимде жұмысын жалғастыруды жоспарлап отырғандардың, ауыспалы ережелерді сақтау қажеттілігіне назар аударды, деп хабарлайды Zakon.kz.

МКД 2025 жылғы 18 шілдеде ҚР жаңа Салық кодексі бекітілгенін еске салды. Оның негізгі жаңалықтарының бірі – арнайы салық режимдерінің санын жетіден үшке дейін қысқарту болды. Тек өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режим, оңайлатылған декларация және шаруа және фермер қожалықтарына арналған режимдер ғана сақталды.

Осыған байланысты такси жүргізушілері, курьерлер және осыған ұқсас қызмет атқаратын тұлғалар төмендегі ақпаратқа назар аударуы тиіс. Егер бұрын патентпен немесе арнайы мобильді қосымша арқылы жұмыс істеген жеке кәсіпкерлер 2026 жылдың 1 наурызына дейін "жаңа" оңайлатылған декларация режиміне көшу туралы хабарлама бермесе, олар автоматты түрде жеке кәсіпкер ретінде есептен шығарылады және режим талаптарына сәйкес келген жағдайда өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде жұмысын жалғастыра алады.

Ал өз кезегінде 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін арнайы салық режимдерін пайдаланған және "жаңа" оңайлатылған декларация режиміне өтуді жоспарлап отырған салық төлеушілер 2026 жылдың 1 наурызынан кешіктірмей көшу туралы хабарлама беруге тиіс. Әйтпесе олар жалпыға бірдей белгіленген салық салу режиміне ауыстырылады. Бұл режимнен олар бір жыл жұмыс істегеннен кейін ғана оңайлатылған декларацияға өте алады.

Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеушілерді жаңа Салық кодексінің нормаларымен алдын ала танысуға және қалаған салық режимінде қалу үшін қажетті хабарламаларды уақтылы беруге шақырады.