Түркістан облысында 12 адам көз жұмған жеке үйдегі өрттің шығуына не себеп болуы мүмкін екені айтылды. ТЖМ алдын ала мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Түркістан облысында болған өрт фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда өрттің нақты себебі анықталуда.
Алдын ала мәліметтер бойынша өрттің шығуына ақауы бар электр ұзартқыш себеп болуы мүмкін екені жоққа шығарылмайды.
Барлық қызмет мамандары жұмысын жалғастыруда", — делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, 18 қарашада таңертең Түркістан облысы Алғабас ауылында орналасқан екі қабатты жеке тұрғын үйден өрт шығып, салдарынан 12 адам көз жұмды. Олардың тоғызы – бала.
Зардап шеккен тағы үш адам – екі ересек бір бала ауруханаға жеткізілді.
Қайғылы оқиғаға байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтып, үкімет пен облыс әкіміне тапсырма берді.
Полиция өрт фактісі бойынша "Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бабымен қылмыстық іс қозғады, сондай-ақ өрттің себептерін тергеу жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды.
Түркістан облысының әкімі өрт болған үйге барып, қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты.
Балалар омбудсмені Динара Закиеваның айтуынша, өрт шыққан үйде екі отбасы болған. Кейінірек көз жұмған балалардың бесеуі бір үйдің балалары екені белгілі болды.
Кеше өрттен зардап шеккен үш адамның бірі Шымкенттегі ауруханаға жеткізілді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз