Үкімет басшысы Олжас Бектенов өрттің алдын алу мақсатында тұрғын үй секторын, әсіресе жатақханалар мен хостелдерді, халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерін аралап, рейдтер жүргізу қажет екенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үкімет отырысында премьер-министрі Олжас Бектенов Түркістан облысы Алғабас ауылында орын алған қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазіргі уақытта өрттің себептерін анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылып, жұмысқа кірісті.
Олжас Бектенов зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті көмек, оның ішінде материалдық және медициналық көмек көрсетілетінін атап өтті.
"Жалпы, жылу беру маусымының басталуымен тұрғын үй секторында өрт оқиғаларының саны өсіп барады. Біз бұл мәселені қазан айында үкімет отырысында қарадық. Алайда жағдайдың жақсарғанын әзірге көріп отырған жоқпыз", — деді Олжас Бектенов.
Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігіне өрттің алдын алу, адамдардың өмірін сақтау мәселелері бойынша орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысын тиісті деңгейде үйлестіруді қамтамасыз ету тапсырылды. Өңір әкімдіктерімен және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, тұрғын үй секторын, әсіресе жатақханалар мен хостелдерді, халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерін аралап, рейдтер жүргізу қажет екені айтылды.
Мәдениет министрлігі мен әкімдіктер барлық масс-медиа мен әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстарын жандандыру, ал өңір әкімдіктері газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалануға бағытталған алдын алу шараларын жүргізу бойынша газ-техникалық инспекцияның жұмысын күшейту тапсырылды.
Премьер-министр болған жағдайдан дұрыс қорытынды шығарып, алдағы уақытта ондай оқиғаларға жол бермеу үшін нақты ұсыныстар әзірлеу керек екенін атап өтті.
Бақылау премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа бекітілді.
Естеріңізге сала кетейік, 18 қараша таңертең Түркістан облысы Алғабас ауылында орналасқан екі қабатты жеке тұрғын үйден өрт шығып, салдарынан 12 адам көз жұмды. Олардың тоғызы – бала.
Ес-түссіз күйдегі тағы үш адам жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылған.
Қайғылы оқиғаға байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтып, үкімет пен облыс әкіміне тапсырма берді.
Кейінірек балалар омбудсмені Динара Закиева өртке қатысты жаңа деректерді бөлісті.
Полиция өрт фактісі бойынша "Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бабымен қылмыстық іс қозғады, сондай-ақ өрттің себептерін тергеу жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды.
Сондай-ақ өрттен зардап шеккен үш адам – екі ересек және бір бала жансақтау бөлімінде жатқаны, жағдайлары ауыр, бірақ тұрақты екені хабарланды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз