Денсаулық сақтау вице-министрі мәжіліс кулуарында Түркістан облысындағы жеке үйде болған өрттен аман қалғандардың хәлі ауыр екенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Қазіргі уақытта олардың жағдайы тұрақты ауыр. Үш науқас: 2018 жылғы қыз бала және әйел жасанды тыныс алу аппаратында жатыр, ал ер адам өздігінен тыныс алуда. Барлығы шок жағдайында, 11 пайыздан 30 пайызға дейін әртүрлі дәрежеде күйік шалған.

Олар аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды. Санитарлық авиациямен бес маман аттанды: ересектер және балалар комбустиологтары, токсикологтар және анестезиолог-реаниматолог. Олар қазір сол жақта, барлық қажетті көмек көрсетіліп жатыр, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді", — деді денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.

Оның айтуынша, зардап шеккендердің жағдайы тұрақталғаннан кейін оларды Шымкентке немесе Астанаға жеткізу мәселесі қарастырылады.

Естеріңізге сала кетейік, 18 қараша таңертең Түркістан облысы Алғабас ауылында орналасқан екі қабатты жеке тұрғын үйден өрт шығып, салдарынан 12 адам көз жұмды. Олардың тоғызы – бала.

Ес-түссіз күйдегі тағы үш адам жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылған.

Қайғылы оқиғаға байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтып, үкімет пен облыс әкіміне тапсырма берді.

Кейінірек балалар омбудсмені Динара Закиева өртке қатысты жаңа деректерді бөлісті.

Полиция өрт фактісі бойынша "Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бабымен қылмыстық іс қозғады, сондай-ақ өрттің себептерін тергеу жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз