Қазақстан цифрлық мемлекетті дамыту мақсатында IT-архитекторлар академиясын құрды. Бұл туралы 2025 жылғы 19 қарашадағы хабарламасында Ақпараттық интеллект және цифрлық даму министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ведомство атап өткендей, IT-архитекторлар академиясы – мамандарға IT-ны біртұтас жүйе ретінде көруді үйрететін практикалық алаң болады: идеядан бастап архитектураны жобалау және жасанды интеллектті енгізуге дейін.

Бағдарлама төрт модульді қамтиды:

  • Бизнес-процестерді реинжинирингтеу.
  • IT-архитектураны жобалау.
  • Жасанды интеллект – нөлден прототипке дейін.
  • Жобалық басқару тәсілі арқылы жобаларды іске асыру тиімділігін арттыру және бизнес-мақсаттарға жету.

Оқыту 2025 жылғы желтоқсанда басталады. Айта кетерлігі, алғашқы ағын қатысушылары үшін оқыту тегін.

Қабылдау 2025 жылғы 20 қарашадан 15 желтоқсанға дейін govtec.kz сайтында жүргізіледі.

Сондай-ақ, 2025 жылғы 17 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев "Жасанды интеллект туралы" заңға қол қойғанын атап өту керек. Сол кезде Ақордада заң жасанды интеллект жүйелерінің негізгі жұмыс қағидаларын енгізетінін түсіндірген.