Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев 2025 жылғы 19 қарашада өткен Үкімет отырысында Түркістан облысындағы өрттен адамдардың қаза табуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Ол қайғылы жағдай Алғабас ауылында болғанын еске салды.
"Өрт екі қабатты үйді толық шарпыған, шатырдың бір бөлігі құлаған. Өрт таңғы 07:02-де толықтай сөндірілді. Өкінішке қарай, оқиға орнынан 12 адамның мәйіті табылды, олардың тоғызы – балалар. Үш адам жарақат алып, қазір жансақтау бөлімінде жатыр", – деді Бозымбаев.
Оның айтуынша, өрттің нақты себептері анықталып жатыр.
"Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыстық құрам анықталмаған. "Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиға орнында тергеу амалдары жүргізілуде", – деп толықтырды ол.
Сонымен бірге, ТЖМ-ге хостелдер мен жатақханаларда тексеріс жүргізу тапсырылды.
18 қараша 2025 жылы таңертең Түркістан облысының Алғабас ауылында өрт шығып, тоғыз бала мен үш ересек адам қаза тапты. Қазақстанның Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева өрт кезінде үйде екі отбасы болғанын хабарлады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтты. Президенттің тапсырмасымен үкіметтік комиссия құрылды.