Күрішке біздің ел бай. Әсіресе Сырдың бойы берекелі. Биыл елде 500 мың тоннаға жуық күріш орылса, басым бөлігі Қызылорда өңірінің алқаптарынан жиналды, деп хабарлайды 24KZ. Отандық күріштің негізгі тұтынушысы өзіміз. Қалғаны экспортқа кетеді. Кейінде су тапшылығына байланысты егістікті әртараптандыру жұмыстары қолға алынған. Ал күріштің жаңа сұрыптары пайда болды.

Биыл Қызылорда диқандары 470 мың тонна күріш жинады. Әр гектардан 58 центнерден астам өнім алынған. Су тапшылығы көрсеткішке кері әсерін тигізер еді. Дегенмен диқандар коллектордағы суды қайта пайдаланып, егінді сақтап қалудың амалын жасаған.

Әліби Бекжанов, шаруа қожалығының төрағасы:

- Нәтиже бар. Биыл 69 центнерден орташа өнім алдық. Біздегі жалпы күріш көлемі 1800 гектар болса, соның 900 гектарын қашыртқымен алып шықтық. Өңірде 190 мың гектарға жуық жерге ауыл шаруашылығы дақылы егілді. Оның ішінде 80 мың гектардан астамы күріш алқабы.

Биыл елде 100 мың гектар аумаққа күріш егілді. Оның 80 мыңнан астамы Қызылорда өңіріне тиесілі. Шаруалар алқаптарды әртараптандыру үдерісі де басталғанын айтады. Әйткенмен мамандардың біліктілігі мен техниканың мүмкіндіктері күріш шаруашылығына бейімделгендіктен, негізгі күш осы бағытқа жұмсалады.

Айгүл Досмұратова, Күріш өңдеушілер және өндірушілер қауымдастығының жауапты хатшысы:

- Қызылорда облысының шаруалары мемлекет тарапынан қойылған сақтап, күріш егіп жатыр. Биыл 85 мыңнан біз күріш алқабын 80 мыңға азайттық. Сонымен қатар көптеген күрішшілер басқа дақылдарды да егіп, тәжірибе жинап жатыр. Ол бірақ бір күнде болатын мәселе емес.

Сарапшылар кейінгі кезде күріштің құны төмендеп кеткенін айтады.

Айгүл Досмұратова, Күріш өңдеушілер және өндірушілер қауымдастығының жауапты хатшысы:

- Қазіргі таңда барлық өңдеушілер күрішін өңдеп, нарыққа шығарып жатыр. Экспорттық география сақталды. Көбінесе ТМД елдеріне ҚР экспорттайды. Барлық шаруашылықтарда жұмыс бірқалыпты жүріп жатыр десем болады. Тек қана биыл бағада өзгерістер бар. Күріш бағасы науқан басталғаннан бері біршама пайызға төмендеді. Бұл нарықтағы бәсекелестіктің жоғары екенін көрсетеді.

Қазір өңірде күріштің жаңа отандық сұрпы сыналып жатыр. Ол ерте пісіп-жетілуімен және жергілікті климатқа бейімделуімен ерекше. «Су тапшылығы қатты сезіліп тұрған шақта осындай сұрыптарды қолданысқа енгізу маңызды», – дейді мамандар.

Авторы: Мерей Мұратханқызы