Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қазақстандағы ЖРВИ-ге қатысты жағдай туралы пікір білдіріп, ата-аналарға кеңес берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ведомство басшысы Instagram-дағы парақшасында видео жариялап, Астанадағы балалар инфекциялық аурулар стационарына барғанын хабарлады.
Министр қазіргі уақытта шынымен де ЖРВИ белгілері бар өтініштер көбейгенін растады. Сөзінше, 288 төсекке есептелген стационар бүгінде сырқаттанушылар санының өсуіне байланысты 453 төсекке дейін кеңейтілген.
"Күн сайын қабылдау бөлмесіне 450-500-ге дейін өтініш түседі. Бірақ емдеуге жатқызу кішкентай пациенттердің 20-25% ғана қажет екенін түсіну маңызды — қалғандары жергілікті дәрігердің бақылауымен үйде сәтті емделе алады. Стационар басшысы аурухана қажет болған жағдайда төсек қуатын 550 төсекке дейін кеңейтуге дайын екенін, барлық қажетті дәрі-дәрмектер толық көлемде қолжетімді екенін айтты", — деп жазды Әлназарова.
Сондай-ақ министрлік басшысы Республика бойынша инфекциялық төсектердің жұмыспен қамтылуы 70%-ды құрайтынын, медициналық ұйымдарда карантин және маска режимі бойынша шаралар қабылданғанын және бүгінде 2,1 млн қазақстандық тұмауға қарсы вакцинацияланғанын хабарлады.
Оған қоса Ақмарал Әлназарова ата-аналарға үндеу жасап, кеңесін айтты.
"Құрметті ата-аналар! Егер балаңызда ЖРВИ немесе тұмау белгілері пайда болса, ең алдымен өз учаскелік дәрігеріңізге жүгініңіз. Емханадағы фильтр-кабинеттерге немесе жедел көмек бөлімшелеріне баруға болады. Қажет жағдайда мобильді бригаданы үйге шақырған жөн — бұл айқаспалы инфекциялардың таралу қаупін азайтады.
Біз жағдайды толық бақылауда ұстап отырмыз. Дәрігерлер күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Біздің басты міндетіміз — әрбір балаға дер кезінде және сапалы медициналық көмек көрсету. Өзіңізді және балаларыңызды қорғаңыздар", — деп жазды министр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз