Бұл туралы Вelta басылымы жазды.
Геохимиктер жасанды интеллект көмегімен 3,3 миллиард жылдық тау жыныстарында жердегі тіршіліктің ең көне ізі бар екенін дәлелдеген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сынақ ретінде Оңтүстік Африка мен Эсватини шекарасында қазылған тау жыныстары алынды.
– Біз бұл талдау арқылы ежелгі өмірдің артында тек қазба қалдықтарын ғана емес, сонымен қатар химиялық іздерді анықтадық. Бұл ізді алғаш рет машиналық оқыту жүйесі арқылы тани алдық және оны дұрыс түсіндірдік, – деді Карнеги ғылым институтының аға ғылыми қызметкері Роберт Хейзен.
Ғалымдар аталған қорытындыға геохимия, ЖИ және газ хроматографиясы әдістерін біріктіретін бірегей жүйені жасау арқылы келіп отыр.
Екі жыл бұрын ғалымдар мен зерттеушілер қазбалар мен тірі жасушалардың құрамындағы бұл ерекшеліктерді геохимиялық деректердің үлкен көлеміне үйретілген жасанды интеллект жүйелері арқылы анықтауға болатынын анықтаған болатын. Олардың абиогендік тау жыныстарына, оның құрамында органикалық заттары бар үлгілерге жүргізген тәжірибелері жансыз заттардан тіршіліктің ізін 90% дәлдікпен таба алатынын көрсеткен.
Дәл осы тәсілді қолдана отырып, зерттеушілер 400 үлгіні, оның арасында Жердің әртүрлі дәуірінде пайда болған тау жыныстарын, қазіргі жануарлар мен өсімдіктердің сүйектері және дене тіндерін, әртүрлі қазба мен метеорит сынығын зерттеді. Бұл талдау жаңа әдістің жоғары дәлдігін көрсетіп, ғалымдарға өмірдің ең ежелгі химиялық іздерін, сонымен қатар алғашқы фотосинтездеуші организмдердің ізін ашуға мүмкіндік сыйлаған.
Алғашқысы Оңтүстік Африка мен Эсватини шекарасындағы Йозефсдал аймағында өндірілген 3,3 миллиард жылдық тау жыныстарының үлгілерінен табылды. Ал екіншісі Оңтүстік Африканың солтүстік мүйісіндегі Куруман қаласының маңында төбе көрсетті. Ондағы тау жыныстары шамамен 2,5 миллиард жыл бұрын пайда болғанын көрсетіп отыр.
– Бұрын геохимиктер 1,7 миллиард жыл бұрынғы тіршіліктің химиялық іздерін тапса, біз тапқан олжа – ең көне, бұрынғы ізден екі есеге артық жыл бұрын өмір сүрген. Бұл ғалымдардың фотосинтездің қашан пайда болғаны туралы түсінігін айтарлықтай өзгертеді, – деп қорытынды жасады ғалымдар мен зерттеушілер.