2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қытайда автокөліктерді экспорттаудың жаңа ережелері күшіне енеді , деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

ҚХР Сауда министрлігі жариялаған құжатта “шетелге” жіберілетін көліктерге бақылау күшейеді делінген. Бұл шаралар Қытайдан барынша тиімді көлік алуға ұмтылатын қазақстандық нарыққа да әсер етеді.

2026 жылдың 1 қаңтарынан не өзгереді

Қытайда жаңа талап енгізілді: тіркелгеніне 180 күн өтпеген жаңа көліктерді өндірушіден арнайы рұқсатсыз экспорттауға болмайды. Хатта экспортталатын ел және онда сервистік орталықтардың бар-жоғы көрсетілуі тиіс. Бұл шара жаңа көліктердің қолданылған деп көрсетіліп “сұр” жолмен шығарылуын тоқтатуға бағытталған.

“Известия” дерегінше, дәл осындай көліктер ТМД елдеріне көбіне шағын импорттаушылар арқылы жеткізілген. Енді сатып алушыларға не 6 ай күтуге, не зауыттан ресми растау алуға тура келеді — бұл мерзімді де, шығынды да арттырады.

Құжаттық бақылау да күшейтіледі: экспортталатын автокөлік туралы мәліметтер тіркеу деректеріне толық сәйкес келуі керек. Қателікке немесе жалған ақпаратқа жол берген компаниялар экспорт құқығынан айырылуы мүмкін.

Сонымен қатар сервистік қолдау талабы да күшейтіледі. Экспорттаушы автокөлік жіберілетін елде қосалқы бөлшектер мен техникалық қолдаудың болуын қамтамасыз етуге міндетті.

Бұл жеткізушілер мен сатып алушыларға қалай әсер етеді

Сарапшылардың бағалауынша, 1 қаңтардан кейін “сұр” жеткізілімдердің үлесі азаяды, ал нарық құрылымданады. Ресми импорттаушылар позициясын нығайтады, ал шағын компаниялар шығындардың өсуіне және 180 күндік “тоқтап тұратын” кезеңге байланысты қиындықтарға тап болады.

Қытайдан көлік сатып алушылар нені білуі керек

Жаңа ережелер аса икемді экспорт дәуірінің аяқталғанын білдіреді. Оның орнына қатаң бақылау, міндетті сервис және нөлдік жүрісі бар көліктерді “сұр” схемалардан қатаң ажырататын жүйе келеді. Қазақстандықтар үшін бұл бұрынғы арзан бағамен көлік әкелу қиындайды. Бірақ нарықтың өзі анағұрлым ашық әрі болжамды болмақ.