Елордада жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмау ауруларының маусымдық өсімі байқалады. Қаладағы эпидемиологиялық ахуал туралы коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сала мамандары мәлім етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Эпидемиялық маусым басталғалы Астанада 82 520 ЖРВИ жағдайы тіркелген. Бұл өткен маусымға қарағанда 6 пайызға жоғары. 14 жасқа дейінгі балалар арасында 48 074 жағдай анықталған. Соңғы аптада аурушаңдық 23 002 жағдайға жетіп, өткен аптамен салыстырғанда 1,5 есе өсті.
Маусым бойы жалпы 1 861 пациент стационарға жатқызылған, олардың ішінде 190 жүкті әйел және 577 бір жасқа дейінгі бала бар. Зертханалық мониторинг барысында 116 тұмау A(H3N2) жағдайы және 6 COVID-19 жағдайы анықталды. Тұмау мен COVID-19 теріс нәтиже көрсеткен үлгілерден 101 негриппозды вирус анықталды, оның ішінде риновирус, бокавирус, аденовирус, парагрипп және РС-вирус бар, сондай-ақ аралас инфекциялар тіркелді. Биылғы маусымда A(H1N1), A(H3N2) және B штаммдары өзекті болып отыр және барлығы тұмауға қарсы вакцинаның құрамына енгізілген.
14 қарашадағы жағдай бойынша 148 948 адам вакцинация алған, бұл жоспардың 99 пайызы. Оның ішінде медициналық қызметкерлер, жүкті әйелдер және тәуекел тобына кіретін азаматтар бар.
Мамандар тұмау және ЖРВИ белгілері бар пациенттерден алынған 194 биоматериал үлгісін зерттеген. Оның ішінде 44 үлгіден тұмау вирусы анықталды, барлығы да – А(H3N2) штамы. Нәтижелер бойынша, 43-аптада 14 үлгі, ал 44-аптада 30 үлгі оң нәтиже көрсеткен. Дәрігерлердің айтуынша, А(H3N2) – 1968 жылдан бері белгілі маусымдық вирус, жыл сайынғы эпидемиологиялық кезеңде тұрақты тіркелетін штамм. Сондықтан бұл жаңа вирус емес.
Тұмау және COVID-19 нәтижелері теріс болған үлгілер негриппозды вирустарға тексерілді. Зерттеу барысында 98 негриппозды вирус анықталды.
Оның ішінде: риновирус — 26 пайыз, аденовирус — 9 пайыз, бокавирус — 12 пайыз, парагрипп — 7 пайыз, РС-вирус — 3 пайыз, 43 пайыз — аралас инфекциялар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша, 2025-2026 жылғы маусымға үш штамм өзекті болып қала береді: A(H1N1), A(H3N2) және B. Барлығы қазіргі тұмауға қарсы вакцинаның құрамында бар.
Мектептерде аурушаңдық сыныпта 20 пайыздан аспайды, бұл кабинет жүйесін сақтауға мүмкіндік береді. Аурушаңдық 20-30 пайыз деңгейіне жетсе, оқу бір бөлігін қашықтан жүргізу форматына ауыстырылады, ал 30 пайыз және одан жоғары болса, оқу толықтай онлайн форматқа көшеді. Барлық мектепте таңғы сүзгі, ауру белгілері бар балаларды дереу оқшаулау және санитариялық талаптарды сақтау жалғасуда. Бұл шаралар инфекцияның таралуына жол бермеуге көмектеседі.
2025 жылдың 13 қарашадағы жағдай бойынша инфекциялық стационарларда 359 пациент ем қабылдап жатыр, тағы 4 574 адам амбулаторлық бақылауда тұр. Қалада екі арнайы стационар жұмыс істейді: Қалалық инфекциялық орталық 160 төсектік, қажет болған жағдайда қосымша 50 орынды қайта бейіндеу мүмкіндігі бар. №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы төсек қоры 453 орынға дейін ұлғайтылған. Қазіргі таңда инфекциялық орталықта 169 төсек, ал балалар ауруханасында 460 төсек тұр.
Барлық медициналық ұйым дәрі-дәрмекпен, медициналық материалдармен және қажетті жабдықпен толық қамтамасыз етілген.
Халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін емханаларда 101 сүзгі-кабинет жұмыс істейді.
Сондай-ақ жүкті әйелдер мен 1 жасқа дейінгі балаларға үйде қызмет көрсететін 70 мобильді бригада ұйымдастырылған.
Қазанның басынан бері №3 балалар ауруханасының қабылдау бөліміне тәулігіне 350-500 бала түскен. Олардың 60 пайызы өздігінен келгендер, 40 пайыздан астамы жедел жәрдем арқылы жеткізілген.
Негізгі пациенттер – 5 жасқа дейінгі балалар. Ең көп жүктеме кешкі уақытта және демалыс күндері байқалады. Пациенттердің 20-25 пайызына стационарлық ем қажет. Жүктеме артуына байланысты төсек қоры 421 орынға дейін кеңейтілді, дәрігерлік және мейіргерлік посттар күшейтілді, дәрілік қор жеткілікті деңгейде толықтырылған.
Дәрігерлер тұрғындарды профилактикалық шараларды сақтауға, атап айтқанда, адам көп жиналатын жерлерде бетперде тағу, қолды жиі жуу, үй-жайларды желдету, аурушаңдық өсу кезеңінде адам көп орындарға барудан бас тартуға шақырады. Оларға аурудың алғашқы белгілері пайда болғанда, өз бетінше емдеумен айналыспай, емханаға немесе сүзгі-кабинеттерге жүгіну ұсынылады. Мамандардың айтуынша, ата-аналардың емханаға алғашқы жүгіну деңгейінің төмендігі салдарынан көптеген науқас бірден стационарға барады.
Учаскелік дәрігерге немесе сүзгі-кабинетке уақытылы жүгіну асқынудың, қажетсіз госпитализацияның алдын алуғажәне стационарларға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз