Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы Жетісай ауданындағы жеке үйде болған өрт салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Үкімет пен Түркістан облысының әкіміне зардап шеккен азаматтардың туған-туыстарына барлық қажетті көмек көрсетіп, қайғылы оқиғаны жан-жақты тексеруді тапсырды", — деп жазды Руслан Желдібай Telegram-дағы арнасында.
Түркістан облыстық ТЖД-ның мәліметінше, бүгін, 18 қарашада таңертең "101" пультіне Жетісай ауданының Алғабас ауылында орналасқан екі қабатты жеке тұрғын үйдің өртенгені туралы хабарлама келіп түскен.
Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімі келген кезде тұрғын үйдің толықтай өртке оранғаны анықталған.
Өртті барлау және сөндіру барысында үйдің ішінен ес-түссіз күйдегі үш адам эвакуацияланып, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылған. Үйдің ішінен тоғыз баланы қоса алғанда, барлығы 12 адамның денесі табылған.
"Көршілердің айтуынша алдыңғы күні үй иелері іс-шара өткізген, үйде қонақтар болған. Өрт 360 шаршы метр аумақта толықтай сөндірілді", — делінген ТЖД таратқан хабарламада.
Оқиға орнында барлық жедел қызмет жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ тергеу басталып, өрттің шығу себептері анықталуда.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз