Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек еліміздегі тұмауға байланысты студенттердің онлайн оқуға көшірілу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
"Жіті бақылауда ұстап отырмыз. Қазіргі кезде жоғары оқу орындарындағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Денсаулық сақтау министрлігімен үнемі байланыстамыз. Әзірше жоспарлап отырған жоқпыз. Жалпы жағдай бақылауымызда тұр. Мектепке дейінгі, орта білім бойынша Оқу-ағарту министрлігі пікір білдіргені жөн", — деді министр Ақордада БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Еске салсақ, Алматыда ЖРВИ және тұмаумен ауырғандар көбейіп, ауруханалар күшейтілген режимге көшкені хабарланған болатын.
Сондай-ақ ШҚО-да "гонконг тұмауын" жұқтыру жағдайлары анықталды.
Одан бөлек Ақтөбеде тұмау өршіп тұр. Мамандар вирус жұқтырған адам саны күн санап артып барады деп дабыл қағып отыр. Қазірдің өзінде жұқпалы аурулар ауруханасына науқас сыймай жатыр. Жартысынан көбі — балалар.
Сонымен қатар Гонконг тұмауы Абай облысы мен Алматыға да жетті. Екі өңірді қосқанда, жалпы саны 32 науқас вирустың осы түрін жұқтырған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз