Мұнайлы өлкеде «Шығыс пен Батыс тоғысқан Сарайшық: Ұлы даладағы тарих және мәдениет » атты халықаралық ғылыми симпозиум өтуде. Айтулы шарада Сарайшық қалашығын дамыту жайы кеңінен қозғалды, деп хабарлайды Zakon.kz.
ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықовтың айтуынша, ғылыми-зерттеу және насихаттау мақсатында «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны құрылған болатын. Қалашықтың шайылу қаупіне қарсы Жайық өзенінің жағалауында инженерлік бекіту шаралары жүргізілген.
"Ортағасырлық Сарайшық қалашығын дамыту жобасының тұжырымдамасы және оны жүзеге асыруға бағытталған 2023-2027 жылдарға арналған жоспар қалыптасты. Ортағасырлық Сарайшық қалашығының объектілерінде ғылыми-реставрациялау жұмыстары мен көне қалашықтың инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ «Сарайшық» сапар орталығы салынып, жаңа экспозициялық залдар жасақталды. Оған қоса республикалық маңызы бар ескерткіште жыл сайын археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге қол жеткізілді. Қазбалар жаңа әдістемелермен, заманауи технологиялармен жалғасуда", — дейді Айбек Сыдықов.
Вице-министрдің айтуынша, Жайық өзенінің жағасында орналасқан көне Сарайшық қаласы – Шығыс пен Батысты, түрлі өркениет мен мәдениетті тоғыстырған аса маңызды тарихи орталықтардың бірі. Бұл қасиетті мекен ғасырлар бойы Ұлы дала тарихының куәсі болып, Еуразия кеңістігіндегі саяси-экономикалық және рухани өмірдің өзегіне айналды.
"Жошы Ұлысының, Ноғай ордасының және Қазақ хандығының астанасы болған Сарайшықты қайта жаңғырту жұмыстарын табысты жүзеге асыру үшін халықаралық ынтымақтастық қажет. Бұл ретте жүргізілген жұмыстар Сарайшықтың жаһандық деңгейде зерттеліп, кеңінен танылуына мүмкіндік береді", деп сөзін толықтырады ол.
Шығыс пен Батысты тоғыстырған ортағасырлық Сарайшық қалашығының тарихи, саяси және мәдени маңызын жан-жақты зерттеу, оны жаңғырту және ғылыми айналымға енгізу бағытында жаңа тұжырымдар ұсынуды мақсат еткен ауқымды шараға Түркия, Ресей елдерінің ғалымдары мен тарихшылары, археологтар қатысып, ойларын ортаға салды.