2025 жыл Қазақстан үшін индустрияландыру қарқыны ең жоғары болатын кезеңдердің бірі болмақ. Биыл ел аумағында жалпы құны 1,5 трлн теңгені құрайтын 190 жоба іске қосылып, нәтижесінде 20,1 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл жобалар толық қуатына шыққан соң, өндіріс көлемі 2,2 трлн теңгеге дейін жетеді деген болжам бар.

2024 жылдың өзінде елімізде 1,2 трлн теңгеге бағаланған 180 индустриялық жоба жүзеге асырылды. Өңдеу өнеркәсібін отандық шикізатпен қамтамасыз етудің жаңа механизмі де саланың дамуын жеделдетіп, кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етті.

Машина жасау саласының 2028 жылға дейінгі кешенді жоспарын орындау нәтижесінде, бұл сектордың жалпы қосылған құны 4,5 есеге дейін өсуі күтіліп отыр.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректері бойынша, 2025 жылы іске асырылатын индустриалдық жобалардың саны соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткіш болмақ. Жобалардың басым бөлігі жаңа жұмыс орындарын құрумен қатар, өңдеу өнеркәсібінің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған.

Қазақстан химия саласын да күшейтіп келеді. Елде сутегі пероксиді, сұйық шыны, күкірт қышқылы, минералды тыңайтқыштар, полипропилен және сары фосфор өндірісін кеңейту жоспарланып отыр. Бұл бастамалар саланың нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, импортты алмастыруға мүмкіндік береді.

2025–2035 жылдарға арналған жоспар аясында металлургия, машина жасау және химия өнеркәсібінде 9 ірі жоба жүзеге асады. Қуатына шыққан кезде аталған жобалар жылына 7,3 млрд доллардың өнімін шығара алады. Оларды жүзеге асыру үшін 6 трлн теңге инвестиция тартылып, 12 мың жұмыс орны ашылады. Бұл – Президент тапсырмасымен әзірленген, жалпы 25 мың жаңа жұмыс орнын құруды көздейтін 17 ірі жобаның бір бөлігі.

«Автомобиль шығаратын зауыттар, ыстық брикеттелген темір шығаратын зауыттар, мыс балқыту зауыты, аммиак-карбамид кешені, калий тұздарын өндіретін байыту-өндірістік кешен, гидрометаллургия зауыты сияқты маңызды жобалар іске қосылады.

Бұл кәсіпорындар машина жасау және автомобиль жасау кәсіпорындары үшін жаңа өнімдер шығаруды қамтамасыз етеді, бұл Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін айтарлықтай нығайтады», деп атап өткен еді Өнеркәсіп және құрылыс министрі.

Аталған жобалардың ішінде екеуі 2025 жылы пайдалануға беріледі:

Қостанай облысындағы KIA зауыты – 1500 жұмыс орны, жылына 70 мың көлік;

Алматыдағы мультибрендті автозауыт (Changan, Chery, Haval) – 3600 жұмыс орны, жылына 90 мың көлік.

Жаңа өндіріс орындарының арқасында 2025 жылы автомобиль саласының өндіріс көлемі 5%-ға өсіп, 149 мың жеңіл көлік құрастыру жоспарланып отыр (2024 жылы – 134 мың).

Өңдеу өнеркәсібінде соңғы бес жылда алғаш рет 5,9% өсім тіркелді. Бұл көрсеткіш металлургиядағы (+6,9%), машина жасаудағы (+9,7%), химия саласындағы (+7,7%) және бірқатар басқа бағыттардағы өндіріс көлемінің артуымен байланысты. 2024 жылы жалпы өндіріс көлемі 24,5 трлн теңгені құрады.

Түсті және қара металлургия тұрақты өсім көрсетіп жатыр. Мыс, алюминий, цинк және қорғасын өндірісі ұлғайып, құрылыс материалдары нарығы да қарқынды дамуда. Бұл ішкі сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтеді.

Қазақстанда индустриалды жобаларды орналастыру үшін 15 арнайы экономикалық аймақ (АЭА) және 51 индустриалды аймақ жұмыс істейді. 2025 жылы олардың базасында қосымша 110 жоба іске асырылады.

Соңғы жылдары шағын өнеркәсіп аймақтары да дамып келеді. Олар кәсіпкерлерге дайын өндірістік орындар, жеңілдетілген несие және тиімді жалға алу шарттарын ұсынады. Қазір 8 өңірде 34 шағын өнеркәсіп аймағы бар, ал 2025 жылға қарай олардың саны 14 өңірге жетпек.

2024 жылы өңдеу өнеркәсібінде 163 жоба, тау-кен секторында 17 жоба іске асырылды. Жалпы инвестиция көлемі 1,3 трлн теңгеден асты. Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстары, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалалары жаңа өндіріс орындарын көптеп іске қосқан аймақтар қатарында.

Жалпы алғанда, индустриалды даму елдің тұрақты экономикалық өсімін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарып отыр. Жаңа кәсіпорындардың ашылуы, өндіріс көлемінің артуы және импортқа тәуелділіктің азаюы – Қазақстанның өнеркәсіптік модернизациясының нақты нәтижесі.