Батыс Қазақстан облысында Toyota Camry мен Volkswagen Sharan көліктері бетпе-бет соқтығысып, салдарынан сегіз адам қаза тапты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ "Мой город"-қа сілтеме жасап.
Батыс Қазақстан облысы ПД өкілдері 17 қарашада Чапай – Жаңақала – Сайқын аудандық тас жолының 50-ші шақырымында Toyota Camry мен Volkswagen Sharan көліктері соқтығысып, кейін көліктердің бірі өртенгенін мәлім етті.
Жол апаты салдарынан сегіз адам оқиға орнында көз жұмды, тағы төрт адам ауруханаға жеткізілді. Қылмыстық іс қозғалды. Жүргізушілердің бірі қарсы жолаққа шығып кетті деген болжам бойынша алдын ала тергеу жүріп жатыр.
"Ауа-райы мен жол жағдайы қанағаттанарлық болды – жолдың көрінуі жақсы, көлік қозғалысына ешқандай сыртқы кедергі болған жоқ. Оқиға орнында полицейлер, жедел-тергеу тобы, Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері жұмыс істеп жатыр. Тергеу аясында жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайы мұқият тексеріліп, анықталады.
Полицейлер жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Кез келген ереже бұзушылық жолаушы тасымалдау кезінде жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді", — деп атап өтті департаменттегілер.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз