"Қазгидромет" РМК директоры Марина Шмидт 2025 жылғы 17 қарашада 2026 жылдың қаңтар және ақпан айларында Қазақстанда қандай қыс күтілетінін айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Оның айтуынша, қаңтар айында елдің басым бөлігінде ауа температурасы нормаға жуық болады. Ал республиканың шығысында — Абай және Жетісу облыстарында, Шығыс Қазақстан облысында, Алматы облысының негізгі бөлігінде, сондай-ақ Қарағанды және Павлодар облыстарының шығыс аудандарында — нормадан 1°С төмен болжанады.

"Қаңтардағы жауын-шашын мөлшері республиканың көп бөлігінде норма деңгейінде болады, алайда оңтүстік пен оңтүстік-шығыстағы таулы және тау бөктеріндегі өңірлерде — Түркістан, Жамбыл, Алматы, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарының таулы аймақтарында — нормадан көп түсуі мүмкін", — деді Шмидт.

2026 жылғы ақпан және наурыз айлары жылы, жауын-шашын мөлшері орташа деңгейде болады деп күтіледі. Тек наурыз айында оңтүстік пен оңтүстік-шығыстағы таулы және тау бөктеріндегі өңірлерде — Шығыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарының таулы аймақтарында — жауын-шашын көбірек түсуі мүмкін.

"Қорытындылай келе, мол жауын-шашынның түсуі, жылымықтың жиі қайталануы және суықтың қайта оралуы топырақ пен қарда мұз қабығының түзілуіне әкеледі. Бұл 2026 жылғы су тасқыны кезеңіне теріс әсер етуі мүмкін", — деп атап өтті метеоролог.

Бұған дейін Шмидт желтоқсан айына арналған ауа райы болжамын жариялаған болатын.