Футболдан Қазақстан ерлер құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында өз алаңында Бельгиямен тең түсті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Командалар J тобының тоғызыншы турында кездесті. Матч "Астана Аренада" өтіп, 1:1 есебімен тең аяқталды.

Алаң иелері Дастан Сәтпаевтың (9-минутта) жылдам гол соғуының арқасында алға шықты. Форвард бельгиялық қорғаушылардың қателігінен кейін допты қарсыластардың қақпасына түсірді.

17 жастағы Сәтпаев үшін бұл оның Қазақстан құрамасындағы дебюттік голы болды. Ол ұлттық құрама тарихындағы ең жас гол авторы атанды.

Қонақтар үзілістен кейін таразы басын теңестірді. Бельгиялық жартылай қорғаушы әрі капитан Ханс Ванакен жақын қашықтықтан баспен гол салды (48).

Қазақстан құрамасы матчты аяқтаған кезде қарсыласынан ойыншылар саны аз болды. Жартылай қорғаушы Ислам Чесноков вингер Жереми Докуға (77) жасаған фолы үшін тікелей қызыл қағаз алды. Рефери басында оған сары қағаз берді, бірақ VAR тексерісінен кейін ол алаңнан қуылды.

Қазақстан құрамасының қақпашысы Темірлан Анарбеков қақпаға бағытталған жеті соққыны тоқтатты. Бұл – оның ұлттық құрама сапындағы екінші ойыны.

Тең түсу Қазақстан құрамасына сегіз ойыннан сегіз ұпай жинауға мүмкіндік берді. Команда іріктеу кезеңінде төртінші орынға жайғасып, 2026 жылғы әлем чемпионатына шыға алмады.

Жеті ойыннан кейін 15 ұпай жинаған Бельгия топта көш бастады. ФИФА рейтингінде сегізінші орында тұрған команда бірінші орында қалып, әлем чемпионатына тікелей жолдама алуы әбден мүмкін.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз