Астанадағы қайғылы жағдай болған көпқабатты үйде бір ғана лифт емес, бірнешеуі қауіпті. Тұрғындар жиі істен шығатын жеделсатыға мінуге жүрексінеді. Алайда басқа амал болмаған соң, тәуекел етуге мәжбүр, деп хабарлайды "КТК" арнасы.

"Олар жөндеу жүргізіп жатқан блок, 6-7 подъезд биыл мамырда тапсырылған. Лифтері жаңа. Соның біреуі әлі қаптамасымен тұр. Ойлаңызшы, соның өзіне жөндеу жасап жатыр. Біз күн сайын осындай қауіппен жүруге мәжбүрміз. Мен 11-қабатта тұрамын. Көтеріліп-түсу өте қиын. Оның үстіне мүгедек балам бар", — дейді тұрғын Дана Ақпанова.

Жақында Астанадағы көпқабатты үйдің лифті жетінші қабаттан құлап, бір адам қаза тапқан болатын. Екі жұмысшы ауруханада жатыр. Тұрғындар үйдің кілтін алғалы бері осы жеделсаты мәселесімен күресіп келеді. Арыз-шағымның көбеюінен әкімдік қызмет көрсеткен компанияны ауыстырып, қыркүйектен бастап жауапкершілік жаңа мердігерге жүктелген.

Бұған дейін 16 лифтінің тек алтауы ғана ресми тіркеуде болған. Кешегі апаттан кейін мәжіліс жаңа құрылыс кодексін талқыға салғанда, заң талаптарын қатаңдатуды көздеп отыр.

"Мәжіліс аумағындағы сатылар, өкінішке қарай, көңіл көншітпейді. Құрылғылар бар, бірақ пайдалануы мен сапасы сын көтермейді. Бақылау жоқ, жауапкершілік те жоқ. Сондықтан бұл мәселемен біз құрылыс кодексі аясында да айналысуымыз керек. Алда екінші оқылым бар. Сол уақытқа дейін бұл мәселені қарастырамыз", — дейді мәжіліс депутаты Динара Нұрымова.

Дереккөз: "КТК" арнасы

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз