Павлодар облысында жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында каннабис тобына қатысы бар есірткі саудасымен айналысқан ер адам анықталып, ұсталынды.

Алынған мәліметтерге қарағанда, күдікті елдің оңтүстік аймақтарынан есірткі заттарын жеткізіп, өңірде таратуға әрекет жасаған.

Атамекен кенті маңында тоқтатылған автокөліктен он брикет белгісіз өсімдік тектес заттар мен салмақ өлшеу құралдары тәркіленді.

Үйін тінту кезінде ас бөлмеден есірткіні мөлшерлеп таратуға арналған пластмасса ыдыс табылды. Жалпы тәркіленген заттың салмағы 1 келі 265 граммды құрады. Күдікті өз кінәсін мойындап, заңсыз әрекеттер арқылы ақша табу және тыйым салынған заттарды тұтыну мақсатында айналысқанын жеткізді. Қазіргі уақытта күдікті қамауда, есірткі қылмысына қатысты қылмыстық іс қозғалды, – дейді Павлодар облысы полиция департаментінің бірінші орынбасары Болат Нұрсеитов.