Алматының 21 жастағы тұрғыны желідегі жазбаға "жарылыс жасау керек" деген пікір қалдырып, желі қолданушыларын қорқытқан. Оның бұл пікірі полицияға жетіп, оған қатысты дереу шара қолданылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Iшкі істер министрлігінің Polisia.kz ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, желідегі діни бірлестіктердің қызметіне қатысты жазбаға белгісіз желі қолданушысы жарылыс жасайтыны туралы қорқыту сипатында пікір қалдырған.

Аталған дерек бойынша "102" пультіне хабарлама түсіп, Алматы қаласы полиция департаментінің экстремизмге қарсы күрес басқармасы жедел шара қолданған. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде пікір авторының жеке басы анықталды.

Күдікті – 21 жастағы Алматы қаласының тұрғыны болып шыққан. Ол ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілген.

"Интернетте жазылған болса да, кез келген қорқыту полиция тарабынан қоғамдық қауіпсіздікке нақты қатер ретінде қарастырылады. Мұндай "әзілдердің" салдары ауыр болуы мүмкін. Әрбір хабарлама мұқият тексеріліп, кінәлілер заң аясында жауапқа тартылады", — деді Алматы қаласы ПД экстремизмге қарсы күрес басқармасының бастығы Асхат Дәулетияров.

Осы ретте Алматы полициясы азаматтарды әлеуметтік желіні қолдануда жауапкершілік алуға, қорқыту немесе құқыққа қайшы мазмұндағы ақпараттарды жарияламауға және таратпауға шақырды.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз