Бір кезде дүрілдетіп айтылып, кеңінен насихатталатын «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» деген ұранның аясында атқарылатын шаруаның бәсеңсіп қалғаны белгілі. Туған ауылдарына мек­теп, балабақша, демалыс орындарын, спорт алаңдарын, мәдениет үйін ор­нат­қандар қатары азайып барады. Осындай олқылықты жуырда Есіл ау­данының кәсіпкері Қайырбек Қожа­­сов толтырып , туған ауылы «Бай Ең­­бекке» жаңа мектеп тұрғызып берді. Құны 350 млн теңге болатын бұл құрылыс бір кезде атағы аспандаған, кейінгі жыл­дары жү­дең­кіреп кеткен «Бай Еңбек» ауылының ажа­рын ашып, халқын серпілтіп тастады.

Қайырбек Қожағалиұлы – осы ауылда туып-өскен парасатты азамат. Ол кезінде Қорған қаласындағы ауыл шаруашылығы институтының ауыл шаруашылығын механикаландыру факультетін бітірген. Еңбек жолын 1974 жылы «Образцовый» кеңшарында қарапайым механизатор болып бастаған. Одан арғы өмірі әскерлік міндет, институтпен жал­ғасады. Жоғары білім алған соң «Бай Еңбекке» бөлімше басқа­ру­шылығына тағайындалады. Жер­лестеріне жаны ашып, қол ұшын беріп жүретін болған соң ауылдастарының арасында үлкен беделге ие. Сондық­тан да 90-жылдардың басында кең­шар тарағанда жерлестері өздеріне тиесілі жер пайын Қайрекеңе беріп, ол «Еңбек» шаруа қожалығын ашады. Содан бері біреуден кейін, біреуден ілгері болып өзінің шаруашылығын дамыта береді. 1997 жылы ауылдың ежелгі аты «Бай Еңбекті» алып, серіктестік құрады.

Қайырбек Қожасовты үлкен жер иеленген, ірі шаруалардың қатарына қоса алмайсың. Оның астық егетін барлық жер көлемі 3 600 гектар ғана. Алайда елге, жерге жаны ашып, ша­руа­шылығын дөңгелеткен сайын табы­сы жылдан-жылға артып келеді. Оның үстіне білімі мен тәжірибесі озық азаматтың ісі алға басып тұр. Аг­ро­технологиялық талаптар толық егіс алқаптары соңғы жылдары гек­та­ры­нан 30 центнерге жуық өнім береді.

Кейбіреулер сияқты табысын қалаға тасуға, жақсы көлік, жайлы үй алуға шығындамай, туған жерін көгертуге жұмсап отырған Қайрекең бұған дейін өз қаражатымен ауылдастарын таза ауызсумен де қамтамасыз еткен еді. Жаңа тұрғызылған ауыл үйлеріне су кіргізіп, сантехникалық құралдарды да орнатып берген. Жыл сайын арнайы бригадаға ақы төлеп, ауылдастарының үйіне жөндеу жұмысын да жүргізіп береді. Жұмыскерлеріне пай үлесін берумен қатар, жем-шөпті де төмендетілген бағаға жеткізеді. Ауылды абаттандыру аясында жыл сайын көшет егу, ауыл ішіндегі қоршауларды, жолдарды жаңарту бойынша да жұ­мыс жүргізеді. 2024 жылы 1 мың­ға жуық көшет еккен көрінеді. Ауыл­дастардың айтуына қарағанда, ша­руашылық ардагерлер, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, өмірлік қиын жағдайға тап болған жандарға да көмек қолын созады.

Қайырбек Қожасовтың ауылы ежелден «Бай Еңбек» аталған. Өйт­кені бұл ауылдың орналасқан жері тамаша. Дәл Есіл өзенінің жағасы, шөбі шүйгін, топырағы құнарлы. Бірақ жанашыр ие болмаса, қанша құнарлы жерде тұрса да ауыл шашылып қалар еді. Солтүстіктің та­лай ауылы солай тозып кеткен. Қайыр­бектей баласы болған «Бай Еңбек­тің» бағы бар. Қазір Қайрекең ауыл­дың адам санын көбейту мақса­тымен қоныс аударушыларға арнап бірнеше үй салды. Әзірге 50 оқушы­ға шақталған жаңа бастауыш мек­тепті де бала саны көбейсе кеңітуді ойлап қойған. Әзірге 20 шақты адам­ға жұмыс орнын ашқан мектеп заманға сай жабдықталған. Оқу ошағы төрт сынып пен мектепке дейінгі даярлық тобын қамтиды. Әр сынып ерекше түспен безендірілген. Ғимаратта спорт залы, заманауи жи­һаздары бар, оқу құралдары толық­тай жеткізілген. Бұл ғимарат тек білім саласына ғана емес, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосылған зор үлес екені даусыз.

Бұған дейін ауыл балалары Яв­лен­ка, Покровка ауылдарына қаты­нап оқуға мәжбүр болатын. Олар үшін арнайы тасымалдау ұйым­дастырылғанымен, бұл уақыт пен шығынды талап ететін еді. Енді бала­лар туған топырағында, ата-анасы­ның қасында ана тілі мен ұлттық құндылық аясында білім алады.

Қайырбек Қожасов «Еңбек арда­гері» медалімен, Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасымен, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің, Есіл ауданы әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған, «Парыз-2019» сыйлығының жеңім­пазы. Солтүстік Қазақстан облысы Есіл аудандық мәслихатының І, ІІІ ша­қырылымының депутаты болған. Рес­публика күніне орай ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Жаңа мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Ғауез Нұрмұ­хамбетов те қатысып, меценаттың бастамасына ризашылығын білдір­ді. «Бұл – бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігі мен туған ауылдың дамуына қосқан зор үлесінің айқын мысалы», – деді ол өзінің сөзінде.

Солтүстік Қазақстан облысы