Түркістан облысы Арыс қаласындағы №32 Әліби Жангелдин атындағы мектепті көпшілік "егіздер мектебі" деп атап кеткен. Өйткені шағын қаладағы бір мектептің өзінде 32 егіз оқушы білім алады, деп хабарлайды Almaty.tv.
1932 жылы қабырғасы қаланған білім ошағын көпшілік егіздер мектебі атап кеткен. Себебі мұнда оқитын егіздердің бәрін жинаса екі сынып болады. Мектептегі озат оқушылардың бірі – Оңдасын мен Нұрсипат. 11-сыныпта оқитын егіздердің бірі спортқа бейім болса, екіншісі кітап оқуға құмар.
"Бокспен айналысамын. Сабақтарымды көбінесе егізім орындап береді. Мен жарысқа көп қатысамын", – деді оқушы Оңдасын Асылбеков.
Білім ордасында оқитын егіздердің ішінде бір отбасыдан шыққан екі егіз жұп бар. Ақнұр мен Бибінұр бастауыш сыныпта оқыса, олардың ағасы мен әпкесі Сара мен Салман 8-сыныпта білім алады. Егіздердің түрлері ұқсас болғанымен, талғамдары әр түрлі.
"Мен сабаққа жақынмын. Салман спортқа бейім. Мен ауырған кезде оның мазасы қаша бастайды, ол ауырған кезде, менің мазам қаша бастайды", – деді егіздер Сара мен Салман.
Мектептегі егіздердің басым бөлігі бастауыш сынып оқушылары. Бұған дейін мектепте барлығы 23 жұп егіз білім алған, 14 жұп мектепті тәмамдаған. Ұстаздардың айтуынша, егіздер өте алғыр әрі дарынды болатын көрінеді.
"Егіздердің бойында бауырмашылдық басым. Олар бір-біріне көмектеседі. Мейірімді, көмектесуге дайын, жанашыр келеді", – деді мектеп директоры Рахима Жүнісова.
Соңғы жылдары Түркістан облысында дүниеге егіз немесе үшем әкелетін аналардың саны көбейген. Мәселен, бір ғана Арыс қаласында 150-ге тарта кәмелетке толмаған егіз бар.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2308773-egizder-mektebi-arys-qalasyndagy-mektepterding-birinde-32-egiz-oqushy-bilim-alady-video/