11 қарашада Байқоңыр ғарыш айлағына Қазақстан мен Ресейдің бірлескен «Бәйтерек» жобасы шеңберінде жасалған жаңа «Союз-5» зымыраны жеткізілді. Бұл оқиға – Байқоңыр тарихындағы ашылған жаңа бет деуге болады, деп жазады Egemen.kz.
«Союз-5» зымыраны Самарадағы «Прогресс» зауытында құрастырылып, боялып, сынақтан өткізілгеннен кейін теміржол арқылы 1800 шақырымды жүріп өтіп, Байқоңырға жеткізілді. «Роскосмос» баспасөз қызметінің хабарлауынша, тасымалдау кезінде құрылғының механикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы вагондармен тасымалданған.
Байқоңырға келген соң, зымыран блоктары «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорнының монтаждық-сынақ корпусына орналастырылды. Мұнда олар алдағы ұшырылымға дайындық жұмыстарынан өтеді.
Алғашқы сынақтық ұшыру 2025 жылдың 25 желтоқсанына жоспарланған.
Еске салайық, «Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешені бұрынғы «Зенит-М» кешенінің инфрақұрылымы негізінде салынып жатыр. Ресей жағы жаңа «Союз-5» зымыранын жасауға, ал Қазақстан жағы ұшыру кешенін дайындауға жауапты.
«Союз-5» зымыранының ұшу сынақтарының басталуы геосаяси жағдай мен логистикалық тізбектердің үзілуіне байланысты 2023 жылдан 2025 жылға ауыстырылған еді.