Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун 2025 жылғы 12 қарашадағы Мәжілістің пленарлық отырысында Цифрлық кодекс жобасы аясында кнопкалы телефондардағы қызмет спектрі кеңейтілетінін айтты, деп хабарлайды Egemen .kz.
Мәжіліс депутаты Кенжегүл Сейтжан кодекс аясында аналогтық технологиялар ары қарай бейімделе ме, яғни мүгедектігі бар адамдар мемлекеттік қызметтерге қол жеткізе ала ма деп сұрады. Ол нақты кнопкалы телефондарды меңзеп, олар ақпараттық жүйелермен интеграциялана ма деп қызықты.
«Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің кейбірі жасанды интеллект көмегімен, соның ішінде дауыспен және мәтін түрінде аударылып жатыр. Цифрлық кодексте «цифрлық хабарламалар» және «цифрлық растамалар» деген ұғымдар бар, олар ескі кнопкалы телефондар арқылы мемлекеттік қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Оған проактивті қызметтер де кіреді», деп жауап берді вице-министр.