Еліміздегі дәріханаларда тегін дәрі-дәрмектерді сатқандарға қатаң шара қолданылады. Бұл туралы үкімет отырысында денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Вице-министрдің айтуынша, тегін берілетін дәрі-дәрмектері сату фактілерін анықтау 2024 жылғы шілдеден бастап енгізілген дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесінің нәтижесінде мүмкін болған.
"Бүгінде дәрілік заттар нарығының барлық қатысушысы таңбалау жүйесіне қосылған. Бұл қадағалау мен реттеу тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Таңбалау жүйесін енгізу дәрілік заттардың айналым ашықтығын арттырды. Таңбалау жүйесінің көмегімен тұрғындарға тегін берілген амбулаториялық дәрілердің дәріханаларда сату фактілері анықталды.
Анықталған заңбұзушылықтар бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті мен Бас прокуратура бірлесіп жоспардан тыс тексерулер жүргізіп жатыр. Министрлік осындай заңбұзушылықтарға жол берген субъектілерге қатысты қатаң шаралар қабылдайтын болады", — деді Тимур Мұратов.
ДСМ өкілі биыл желтоқсанда медициналық бұйымдар мен биологиялық белсенді қоспаларды таңбалау бойынша пилоттық жоба басталатынын атап өтті.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз