27 қарашада өтетін Бішкектегі саммитте Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымындағы (ҰҚШҰ) төрағалық Қырғыз Республикасынан Ресей Федерациясына өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz Kabar-ға сілтеме жасап.

«Қазіргі геосаяси жағдайда өтетін бұл саммит өңірлік тұрақтылықты сақтау, терроризм мен экстремизм көріністерінің алдын алу бағытындағы өзара іс-қимылды жетілдіруге арналмақ. ҰҚШҰ хатшылығында халықаралық және өңірлік қауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелердің кең ауқымы талқыланып, ұйымның сессияаралық кезеңдегі қызметінің негізгі қорытындылары шығарылады», делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Ресей тарапы алдағы кезеңге арналған өз басымдықтарын ұсынбақ.

Бекітілген ротация тәртібіне сәйкес, Қырғызстан мемлекет басшыларының қарауына ҰҚШҰ бас хатшысы лауазымына өз кандидатын ұсынады.

Хатшылықтың хабарлауынша, мемлекет басшыларының қарауына ұжымдық қауіпсіздікті нығайтудың түрлі аспектілерін қамтитын ауқымды құжаттар пакеті енгізіледі.

Саммит қорытындысы бойынша әлемдегі және ҰҚШҰ жауапкершілік аймағындағы жағдайға баға беріп, өңірлік бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға қатысты ұстанымдарды қамтитын Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясы қабылданады деп жоспарланып жатыр.