Ол 65 жасында дүние салды .

Танымал филолог, әдебиет сыншысы, "Қазақстан" РТРК" АҚ Басқарма төрағасы болған Ғалым Доскен қайтыс болды. Қаралы хабарды Мәдениет және ақпарат министрлігі жеткізді.

"Ғалым Төлембекұлы – еліміздің мәдениеті мен әдебиетінің, телерадио саласының дамуына, ұлттық журналистиканың қалыптасуына сүбелі үлес қосқан көрнекті тұлға. Ол "Ұлан" газетінің бас редакторы, "Қазақстан" телерадиокорпорациясының төрағасы қызметтерін атқарып, бірнеше маңызды мәдени жобаларды жүзеге асырды. Соның ішінде "Қазақтың дәстүрлі 1000 әні" мен "Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі" атты антологиялық жинақтардың авторы ретінде ұлттық өнердің баға жетпес мұрасын келер ұрпаққа жеткізді", – делінген қаралы хабарда.

Ғалым Доскен 1960 жылы 19 шілдеде дүниеге келген, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының түлегі.

2001-2002 жылдары "Қазақстанның республикалық телевидение және радио корпорациясы" ЖАҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары, 2002-2006 жылдары "Қазақстан" РТРК" АҚ басқарма төрағасы болды. Ал 2007 жылдан бастап "Ел" продюсерлік орталығының көркемдік жетекшісі болып қызмет атқарды.

Ол "Сәулені күту", "Ұлы дала астаналары", "Маңғыстау қабірлерінің түсі", "Жоғалған жарық хроникасы" сынды деректі фильмдердің авторы. Сонымен қатар, "Тоғыз құйрықты ақ түлкі", "Сиқырлы флейта", "Билейтін құс" кітаптарын жазып, "Жезтырнақ" балетінің либреттосын жазған.