Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта VI Ислам ын­тымақтастығы ойындарының ашылу рәсімі өтті. Құттықтау сөздер айтылып, көрермендер театр­лан­дырылған қойылымдарды тамашалағаннан кейін қа­ты­сушы 57 мемлекеттің спорттық делегациясы сап түзеді. Сал­танатты шарада еліміздің туын ауыр атлет Нұр­ғиса­ Әділетұлы мен дзюдошы Аруна Жангелдина ұстап шықты.

Жарыста ел намысын 100-ге жуық үміткер қорғайды. Олар спорттың 15 түрінен бақ сынайды. Командамыздың қор­жы­ны­на алғашқы медальды Шер­зод Давлатов салды. 60 кг сал­мақта белдескен дзюдошы күміс медальға ие болды. Бастапқы бәсекелердің барлығында қар­сы­ластарын қапы қалдырған Шерзод финалда түркиялық Са­лих Йылдызға үш «шидо­ның» кесірінен ұтылды. Ержан Еренқайыпов (66 кг) пен Мәди Амангелді (81 кг) де сол межеден көрінді. Шешуші сында Ержан Өзбекстанның өкілі Замохшари Бекмуродовқа есе жіберсе, Мәди Түркияның атақты балуа­ны Ведат Әлбайрақтың оңай олжасына айналды. Самалай Ерғалиева (63 кг), Айдар Арапов (90 кг), Назгүл Маратова (+78 кг) үшінші орынға табан тіреді.

Дзюдо күресінің шеберлері тек күміс пен қоланы қанағат тұтып жатқанда Аруна Жангел­ди­на (78 кг) жасындай жарқыл­да­ды. Исламиаданың ашылу салтанатында Қайсар қыз Эр-Рияд татамиінде қарсы келгендердің барлығын қоғадай жапырып, ал­тыннан алқа тақты. Финалда Ару­на камерундық Георгику Му­несті айқын басымдықпен ұтты.

Жүзушілер сайысында Айбат Мырзамұратов (200 метр кешенді әдіс, 100 метр брасс) қос қоланы қоржынға салды. 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде асқан шеберлік танытқан еліміздің қос өрені жеңіс тұғырына көтерілді. Бұл бәсекеде Әділбек Мусин бас жүлдені олжаласа, Максим Ска­зобцов күміспен күптелді. Дәл­ осы қашықтықтағы әйелдер сайы­сында Софья Сподаренко тең­дес­сіз деп танылды. Сондай-ақ құ­рамында Әділбек Мусин, Максим Сказобцов, Даниил Черепанов, Ғалымжан Балабек сынды спортшылары бар біздің команда еркін тәсілдегі 4x200 метрлік эстафетада екінші орынды иеленді.

Үстел теннисінен еліміздің ерлер құрамасы ешкімге бет қа­ратар емес. Бастапқы бәсеке­лер­де Тәжікстан (8:0) мен Бахрейн­нің (8:1) тас-талқанын шығар­ған олар ширек финалда Қа­тарды (8:1) бас көтертпей жең­ді. Біздің команданың намысын Кирилл Герасименко, Алан Құрманғалиев, Айдос Кен­же­ғұ­лов қорғап жатыр.

Жалпы командалық есепте еліміз әзірге бесінші орында. Қор­­жынымызға 3 алтын, 5 күміс, 5 қола медаль бар. Алғашқы үш­ орынды Түркия (26+6+4), Өз­­бек­стан (4+9+4), Нигерия (4+1+1) құрамалары иеленіп тұр.