Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Алматы қаласындағы жеке балалар үйіндегі жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Кеше бұл жерде орналасқан ғимараттан өрт шыққан еді, деп хабарлайды ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Комиттетің мәліметінше, аталған балалар үйі — жеке қайырымдылық ұйымы. Қазіргі уақытта онда 35 бала тәрбиеленіп жатыр. Бүгінде барлық тәрбиеленушінің жағдайы жақсы, балалар қауіпсіз жерде орналасқан.

"Жағдайды үйлестіру мақсатында жедел штаб құрылды. Оның құрамына қала әкімдігінің өкілдері, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы, қоғамдық кеңес пен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ қорғаншылық органдары, Отбасыны қолдау орталығы және Психологиялық қолдау орталықтарының мамандары енді", — делінген хабарламада.

Дәрігерлер балаларды толық тексеруден өткізіп, психологиялық көмек көрсеткен. Балаларға қашықтан оқу ұйымдастырылған. Қазір балаларды одан әрі орналастыру мәселесі қарастырылып жатыр.

"Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті балаларға қатысты барлық мәселе толық шешілгенге дейін жағдайды жіті бақылауда ұстайды", — делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, 9 қараша жексенбіде Алматыдағы балалар үйінің аумағынан өрт шыққанын жазған едік.

ТЖМ-ның мәліметінше, балалар үйі ауласындағы асхана мен оған жапсарлас салынған үш қабатты ғимараттың шатыры өртке оранған.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз