Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурорға әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналарынан түскен арыз-шағымды қарастыруды тапсырды, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурорға әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналарынан түскен арыз-шағымды 12 күн ішінде қарастырып, істі тергеу барысында заңның сақталуына баға беруді тапсырды", деп жазды Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай 2025 жылы 10 қарашада Telegram-дағы арнасында.

Айта кетсек, бүгін 10 қарашада Астанада Азаматтарды қабылдау орталығында Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар қатарында қызмет атқару барысында зардап шеккен және қаза тапқан әскери қызметшілердің ата-аналарымен Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары вице-адмирал Серік Борамбаев кездескен болатын. Бұған дейін ата-аналар құзырлы ведомство алдында митинг өткізген.