Әлеуметтік желіде аялдамада оқушы қызды өзімен бірге жүруге көндірмек болған ер адамның видеосы тарап, ел ашуын тудырды. Полиция қызметкерлері азаматтың кім екенін анықтап, оны әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп Алматы полиция департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Аталған видео "Письма президенту" Telegram-каналында жарияланды. Бейнежазбада ер адам 13 жастағы оқушы қызды барынша көндіруге тырысып, оған 300 мың көлемінде ақша ұсынбақшы болғанын көруге болады.

"Оқиға №50 мектептің жанындағы аялдамада болған. Ер адам алдымен қызға өзімен бірге таксимен жүруге ұсыныс жасайды. Кейін оған 100 мың теңге беретінін айтады. Оқушы қыз оған келіспеген соң, азамат 300 мың теңге ұсынады", — делінген материалда.

KAZ.NUR.KZ тілшісі оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Алматы полиция депатаментінің баспасөз қызметіне жүгінді.

Полиция өкілдері іздестіру жұмыстарының нәтижесінде ер адам ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады. Сот шешімімен ол 10 тәулікке қамалды.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз