ІІМ "Қарасора-2025" республикалық операциясының нәтижесін шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Ауқымды шара есірткінің заңсыз айналымына қарсы бағытталған. Оған маусым – қазан айлары аралығында полиция, Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының және Қорғаныc министрлігінің қызметкерлері қатысты. Тікұшақтар, дрондар және спутник координаталары жұмылдырылды", – делінген хабарламада.

Жалпы:

– 3,5 мың есірткі құқық бұзушылығы анықталды,

– 27 тоннадан астам есірткі тәркіленді,

– құрамында есірткісі бар өсімдіктердің 110 мыңнан астам бұталары жойылды,

– 4 ұйымдасқан қылмыстық топ, оның ішінде бір трансұлттық топ құрықталды,

– 6 есірткі зертханасы жойылды.

Ведомствоның мәліметінше, есірткі жеткізудің 50 ішкі арнасы жабылған.

Мәселен, Жамбыл облысында 200 килограмнан астам марихуана тәркіленді. Алматы әуежайында Үндістан азаматы анықталды. Ол елге 3 келі марихуананы алып кірмек болған. Жезқазғанда 100 келі марихуана тәркіленді. Қызылорда облысында салмағы 300 келі болатын 928 түп қарасора анықталды.

"Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру аясында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті азаматтардың денсаулығын қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.